АСТАНА, 15 желтоқсан – Sputnik. "Ғалам аруы-2018" байқауында Қазақстанның намысын қорғап жүрген Сабина Әзімбаева бокспен айналысып жатқан сәтін көрсетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Таиландта халықаралық сұлулық байқауының финалдық кезеңі өтіп жатыр. Бүгін ұйымдастырушылар көпшіліктің назарына қысқа бейнероликтер ұсынды. Онда байқау қатысушылары өздерінің сүйікті ісі туралы әңгімелейді.
18 жастағы Сабина Әзімбаеваның боксқа деген махаббатын әкесі оятқан.
"Мен теледидардан әкемнің жекпе-жектерін үзбей көретін едім. Күндердің бір күнінде боксқа деген қызығушылығым ояндым. Іштей неге болмасын деп ойладым. Сөйтіп кілең ұлдар болған топқа түсіп, бокспен шұғылдана бастадым", — деді Әзімбаева.
Қазақстандық арудың видеосы "Ғалам аруының" твиттердегі парақшасында жарияланған сәттен бастап екі сағат ішінде мың жарым рет қаралған.
Байқаудың финалы 16 желтоқсанда Бангкокта өтеді.