АСТАНА, 14 желтоқсан — Sputnik. Мемлекет басшысының атына ұлттық мерекеміз – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай хаттар мен жеделхаттар келіп түсіп жатыр.
Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік және ғылыми-техникалық дамудың өзекті мәселелерін шешу жолында айтарлықтай табысқа жеткенін атап өтіп, еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде және Астана процесі аясында өңірлік және халықаралық күн тәртібінің мәселелерін шешу барысында маңызды рөл атқаратынына тоқталды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
"Мемлекеттеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынастарды жоғары бағалаймыз. Біз бірлесе күш жұмылдыра отырып, барлық салалардағы екі жақты сындарлы ынтымақтастықты және Еуразиялық интеграциялық үдерістер аясындағы өзара ықпалдастықты одан әрі нығайтатынымызға сенімдімін.
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сізге шын жүректен мықты денсаулық пен табыс, ал достас Қазақстан халқына амандық пен бақ-береке тілеймін", – делінген Ресей президентінің құттықтау жеделхатында.