АСТАНА, 12 желтоқсан — Sputnik. Көмір бағасы халыққа жеткенше бірнеше есе өсіп кетіп жатыр. Осы орайда Алматы облысының әкімі Астанада орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында көмір бағасын тұрақтандыруға қатысты қандай шаралар қолға алынғанын айтып өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Былтыр қыста ауа райының күрт суытуын пайдаланып, көмірді қаптап сатып пайда көргісі келетіндердің қатары көбейді. Осы мәселеге байланысты үкімет бізге арнайы тапсырма берді. Мысалы, Қаражырада немесе басқа көмір разрездерінде баға шамамен 7 мың теңгені құрайды. Кей жерлерде тоннасы 5 мың теңгеден сатылып жатыр. Осы баға көмір халыққа жеткенше 11-ден бастап, 15%-ке дейін қымбаттап кетіп жатыр. Тіпті, тұрғындардың ауласына жеткенше 20 мың теңгеге дейін көтеріліп отыр", — деді облыс әкімі.
Әрі қарай Амандық Баталов аймақтағы осы мәселені ретке келтіру үшін француз фирмасының тәжірибесіне сүйеніп, бір ғана оператор енгізуге ұмтылып отырғанын жеткізді. Бүгінде бірнеше операторды таңдап қойғанына қарамастан, олардың атын атаудан бас тартты. Мұны артық жарнама жасағысы келмейтінімен түсіндірді.
Тағы оқыңыз: Облыстарда көмірдің қанша теңгеге арзандайтыны белгілі болды
"Атын атайтын болсам, сол операторларды таңдауға кеңес беріп жатқандай көрінемін. Жалпы көп жылдан бері осы салада жұмыс істеп келе жатқан сенімді операторлар бар. Солардың біреуіне тоқтаймыз деген үміттеміз. Осыдан кейін көмір бағасына қатысты белгілі бір тәртіп орнайтыны сөзсіз", — деді Баталов.
Сондай-ақ, ол теміржолы жоқ өңірлерге көмір тасымалдау мәселесі де шешіліп жатқанын айтып өтті. Себебі, мұндай өңірлерге көмір тасымалдау қосымша шығынды талап етеді және бұл қаражат әдетте халықтың қалтасынан алынады.