АСТАНА, 9 желтоқсан — Sputnik. Прокурорлар Шымкент қаласында көптеген ұстаздың жалған дипломмен жұмыс істеп келгенін және арнайы білім беру мекемелерінде қаржының дұрыс игерілмегенін әшкереледі, деп хабарлайды КТК арнасы.
Жалған дипломға қатысты 7 факті тіркелді. Мысалы, индустриялдық-техникалық колледждің педагогы мемлекеттік Мұхтар Әуезов университетінің бітіргендігі жөнінде 5 жыл бұрын алған жалған дипломымен сабақ беріп келген. Ал қалалық білім басқармасына қарасты №4 колледждің есепшісі мемлекеттік сатып алу бойынша былыққа жол бергені үшін жұмыстан қуылып, директоры 240 мың теңге айыппұл төлеген.
Тағы оқыңыз: Ұстаздарға қымбат гүл сыйлағандарды қандай жаза күтіп тұр
Сондай-ақ, тексеріс барысында "Мирас" және "Саз" колледжінің 586 студентіне жолақысына берілуі тиіс ақша төленбей келгені белгілі болды. Алайда бұл ақпаратты "Саз" колледжінің басшылығы шжоққа шығарып отыр.
"Бізде жазғы және қысқы сессияның нәтижесі бойынша, жол төлемақысы жылына 2 рет төленеді. Ол ақпан айында және қыркүйек айында беріледі. Бәрі алып жүрді. Прокурордың ақпаратты соңына дейін тексермей жаңсақ бергеніне ренжіп тұрмыз", — деді "Саз" колледжі директорының орынбасары Күмісай Толыбаева.