АСТАНА, 4 желтоқсан – Sputnik. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинмен, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков және Беларусь президенті Александр Лукашенкомен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Назарбаев пен Путин екі жақты ынтымақтастықтың, сондай-ақ күн тәртібінің өңірлік және халықаралық өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Сонымен қатар, екі ел көшбасшылары алдағы кездесулер кестесін қарастырып, Санкт-Петербургте өтетін Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің отырысына және ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми саммитіне әзірлік барысын талқылады.
Елбасы сондай-ақ Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбековпен де екі жақты ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен перспективаларын талқылады.
Көшбасшылар күн тәртібіндегі өңірлік мәселелер, сондай-ақ Еуразия экономикалық одағы мен ТМД аясындағы алдағы кездесулер жөнінде пікір алмасты.
Ал Беларусь президенті Александр Лукашенкомен болған әңгімеде саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қарым-қатынастардың оң қарқыны аталып өтті.
Сондай-ақ, көшбасшылар Санкт-Петербургте өтетін Жоғары Еуразия экономикалық кеңесінің отырысы қарсаңында Еуразия экономикалық одағын одан әрі дамыту мәселелері жөнінде пікір алмасты.