АСТАНА, 1 желтоқсан — Sputnik. Өзбекстанның 52 тұрғыны өртеніп кеткен автобустың иесі Қазақстан азаматы Ташкентте ұсталды, деп хабарлайды Өзбекстан астанасының бас ішкі істер басқармасының баспасөз қызметі.
Бірлескен жедел-іздестіру шаралары кезінде мемлекетаралық іздеуден жүрген қазақстандық Ташкенттің Сергелі ауданында ұсталған.
Ішкі істер басқармасының хабарлауынша, қазақстандықты экстрадициялау мәселесі шешілгенше ол Ішкі істер министрлігінің жазаны орындау бас басқармасы мекемелерінің бірінде отырады.
"Ұсталған адамды Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына тапсыру рәсімі Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы халықаралық құқықтық келісімдерге сәйкес жүргізіледі", — деп хабарлады өзбекстандық құқық қорғаушылар.
Осы іске қатысты тоғызыншы қарашада бес адамға сот үкімі шықты. Шымкенттегі "Азия транзит" ЖШС-нің құрылтайшысы мен автопарк механигі 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, сот залында қамауға алынды.
Өртенген автобустың үш жүргізушісіне 5 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шықты. Сонымен қатар сотталушыларға жәбірленушілердің әрқайсысының отбасына 2 миллион теңгеден моральдық шығын өтеу міндеттелді.
Тергеу барысында анықталғандай, өртенген көліктің жолаушылар тасымалын жүргізуге рұқсаты жоқ. Оның үстіне, техникалық байқаудың мерзімі өтіп кеткеніне екі жыл болған – Шымкентте 2015 жылы 17 тамызда техникалық байқаудан өтіп, құжат 2016 жылдың 17 ақпанына дейін ғана жарамды болған.