Өңірлер

Қарағандылық оқушы қыз елге белгілі ақынды намысыма тиді деп айыптады

© Photo : Pixabay / Free-PhotosЕр адам үстелде отыр, архивтегі фото
Ер адам үстелде отыр, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қарағандыда Қасым Аманжолов оқуларының соңы үлкен дауға ұласты

АСТАНА, 29 қараша — Sputnik. Қазылар алқасының төрағасы Доскей ауылынан келген оқушыларға зекіп, өлеңдерін толық оқытпай тастаған. Бұған олар оқитын мектептің Голощекин кезінде қазақтың малын кәмпескелеген Елтай Ерназаровтың атымен аталуы себеп болған.

"Қасым оқулары" байқауына қатысқан Нарқыз Жұмағалиева ақынның 25 өлеңін жатқа біледі. Бірақ байқауға барып, басы бәлеге қалыпты. Қаршадай қыз өзіне шүйліккен белгілі ақынға қапа болып қайтқан, деп хабарлады КТК.

Арыстанбек Мұхамедиұлы - Sputnik Қазақстан
Мәдениет
"Мазаланбай-ақ қойыңыз". Арыстанбек Мұхамедиұлы сөзін бөлген ақынға ашуланды

"Серік Ақсұңқаров бізге бұл мектепті неге жаппайды деп неше түрлі сөз айтты. Біздің өлең оқуымызға мүмкіндік берген жоқ. Шынын айтқанда басқа байқауларға қатысқымыз келмей қалды. Өйткені елтайлықтар деп тиіскені намысыңа тиеді екен", — дейді Елтай Ерназаров атындағы орта мектеп оқушысы Нарқыз Жұмағалиева.  

Ата-аналар ақынның Елтайдағы елдің өшін қаршадай қыздан алғанына наразы.  

"Неге өлеңнен бұрын Елтай туралы сұрақ қойдыңыздар дедім. Ол кісі маған қарады да, Елтай Ерназаровтың тарихы нашар деді", — дейді ауыл тұрғыны Алтынай Хамитова. 

Ал арқаның арқалы ақыны Серік Ақсұңқарұлы балалардың көңіліне қаяу түсіру ойында болмағанын айтады. Тек Елтайдың есімін естігенде елең еткенім рас деп отыр.  

"Елтай мектебінде оқыған соң бізге бәйге бермеді дейтін көрінеді. Олай емес. Байқау өте әділ өтті. Ешкімді бөлу деген болған жоқ. Елтайдың есімін білесіздер, бұл қазақта "асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын" деп асыра сілтеген адам. Мектептің Елтайдың атын осы күнге дейін иемденіп отыруы – ұят", — деп түсіндірді ақын Серік Ақсұңқарұлы. 

Тарихшылар 1927- 33 жылдары қазақ КСР-ның орталық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған Елтай Ерназаров Голощекиннің қолшоқпары болған дейді. Байларды кәмпескелеуге белсене араласып, мал атаулының 90 пайызын жоқ қылған. Соның кесірінен аштық жайлап, қазақтың 3 миллионға жуығы сол жылдары қынадай қырылды.   


Жаңалықтар
0