АСТАНА, 26 қараша — Sputnik. Ашық қалған кәріз құдығына құлап, қаза тапқан 14 жастағы қызға қатысты оқиға туралы Астана әкімдігі мәлімет берді.
Елордалық әкімдік Аружан Маратованың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Жергілікті билік жерлеу рәсіміне жәрдем көрсетіп жатыр. Бұл жайт қала әкімі Бақыт Сұлтановтың ерекше бақылауына алынған.
"Полиция департаментіне жедел тергеу жүргізіп, айыптыларды тауып, жазалауға тапсырма берілді. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, нәтижесін департамент хабарлайды", — деді Астана әкімінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева.
Әкім қаланың бүкіл қызметіне күнделікті қаладағы кәріз құдықтарын тексеріп шығуды тапсырды. Қазір Астанада 65 мың құдық бар.
Оқушының апат орнында қалдырған хаты миллиондаған адамды толқытты
25 қарашада Қошқарбаев және Өзбек Әлі Жәнібек көшелері қиылысындағы кәріз құдығынан қыздың денесі табылған. Оқушының жоғалып кеткені туралы туыстары мен жақындары хабарлады. Қыз 24 қарашада сағат 16:00-ден бері байланысқа шықпапты. Жасөспірім қақпағы жоқ құдыққа құлап кеткен.