АСТАНА, 24 қараша – Sputnik. Ирландиялық ғалымдар кофе мен шайдың құрамындағы кофеин іштегі шарананың салмағына кері әсер ететінін анықтады. Зерттеу нәтижесі American Journal of Clinical Nutrition ғылыми басылымында жарияланған.
Мамандар жүктіліктің алғашқы үш айында күн сайын тұтынылатын әр жүз миллиграм кофеин нәрестенің салмағын 72 грамға азайтатынын анықтады. Бұдан бөлек, кофеин шарананың бойы мен гестациялық жасының қысқаруына әкеп соғады, деп хабарлайды РИА Новости.
Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, кофеин тұтыну деңгейі өте жоғары болған аналардың нәрестесінің салмағы кофе мен шайды аз ішкен әйелдерге қарағанда 170 грамға төмен болған.
Алайда, ғалымдар атап өткендей, жүкті әйелдердің организміне түскен кофеиннің дозасы "қауіпсіз" мөлшерден төмен болса да, оның іштегі шаранаға кері әсері бәрібір де байқалған.