Қоғам

"Тіпті қылыш та бар" Мемлекеттік қызметшілерге қандай сыйлық жиі беріледі?

© Sputnik / Болат ШайхиновМемлекеттік қызмет
Мемлекеттік қызмет - Sputnik Қазақстан
Жазылу
НовостиTelegram
Мемлекеттік қызметшілерге сыйлық берген де, оны алған да жауапқа тартылады

АСТАНА, 23 қараша – Sputnik. Биыл арнайы қорға жалпы сомасы 2 млн 800 мыңнан асатын 1433 сыйлық тапсырылған. Бұл туралы бүгін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің директоры Равиль Төлебаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Төлебаев мемлекеттік қызметшілерге өз міндеттерін орындағаны үшін сыйлық алуға тыйым салынғанын тағы бір мәрте еске салды.

"Егер сыйлықтың құны 2 АЕК (бір АЕК – 2405  теңге) жоғары болса, сыйлық берген адамға 200 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл қарастырылған. Ал сыйлық алған қызметкерге 600 АЕК айыппұл салынады. Ал одан жоғары сома пара болып есепетеледі және ол үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген", — деді Төлебаев брифингте. 

Оның айтуынша, биыл сыйлық бергені үшін 28 адам, ал сыйлықты алғаны үшін 5 лауазымды тұлға әкімшілік жауапқа тартылған. Айыппұл сомасы 16 миллион 115 мың теңгені құрады.

Сыйлық - Sputnik Қазақстан
Қоғам
"Конфет үшін 350 мың теңге" Мемлекеттік қызметкерлерге "рақмет" айтудың жазасы қандай?

"Мәселен, биыл қыркүйек айында кәсіпкер зертханалық зерттеу жүргізбей, фитосанитарлық сертификатты алу үшін ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік инспекция комитетінің Астана қаласы бойынша инспекторының телефонына 3 мың теңге "единица" салған. Инспектор заң бұзушылық туралы агенттікке хабарлап, нәтижесінде "рақмет" айтқысы келген азамат сот шешімімен 336 мың 700 теңге айыппұл төледі", — деді департамент директоры.

Төлебаев агенттік жанында тәулік бойы Сall-орталық –1420 жұмыс істейтінін және жемқорлық фактісіне куә болған кез келген азамат осы нөмірге хабарласа алатынын жеткізді. 

Мемлекеттік қызметшілерге берілген сыйлықтар арнайы мемлекеттік қорға тапсырылады. Брифинг барысында белгілі болғандай, биыл аталған қорға жалпы сомасы 2 миллин 800 мың теңгеден асатын 1433 сыйлық түскен. 

"Мемлекеттік қызметшілерге бір қорап конфет, кітап, ұялы телефон, қол сағаттары, жұмыс үстеліне қойылатын кәдесыйлар жиі беріледі. Ерекше сыйлық ретінде қылышты атап өтуге болады", — дейді Төлебаев. 

Арнайы қорға тапсырылған сыйлықтар тиісті бағалаудан кейін аукцион арқылы сатылады. 

"Аукционға кез келген қазақстандық қатыса алады. Сатылған сыйлықтардың ақшасы мемлекеттік бюджетке түседі",- деп түйіндеді сөзін ол.

Жаңалықтар
0