АСТАНА, 19 қараша — Sputnik. Германияның Кобленц қаласында Қазақстан азаматын құтқармақ болған 17 жастағы жасөспірім пойыз астына түсіп көз жұмды. Қайғылы оқиға 13 қараша күні Остендшрассе станциясында болды, деп хабарлайды Frankfurter Neue Presse.
Кобленц қаласы полиция федералдық басқармасы өкілінің айтуынша, жергілікті тұрғын пойыз рельсіне жатып алған мас ер адамды құтқарып қалмақ болған.
Жасөспірім жақындап қалған пойызды көріп, ер адамды теміржолдан итеріп, шығарып тастайды. Бірақ өзі үлгермей, пойыз астына түсіп өледі. Осы жағдайдан кейін ер адам ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Оның қанында 2,6 промилле алкоголь болған.
Кейін рельске жатып алған ер адамның 44 жастағы тұрақты мекенжайы жоқ Қазақстан азаматы екені анықталды. Онымен бірге Үндістан азаматы да өмірімен қош айтыспақ болып, рельске жатып алған. Ол жеңіл жарақат алды.
Жасөспірім жедел жәрдем келгенше көз жұмды.