АСТАНА, 14 қараша — Sputnik. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Астананың полиция департаментін бұрынғы Ramada Plaza қонақүйінің ғимаратына көшіруге дайындық қалай жүріп жатқанын, сондай-ақ ол департамент қызметкерлерінің бір ғимаратта отыруы жұмыс үшін қаншалықты тиімді болатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бастапқыда президент істері басқармасына тиесілі болған ғимарат кейін Астана қаласы әкімдігінің меншігіне өткен. Енді әкімдік оны елордалық полиция департаментіне беріп отыр.
"Қазіргі уақытта полиция департаменті 7 ғимаратта отырады. Мұны көз алдыңызға елестете аласыздар ма? Анықтау басқармасы бір мекемеде, жол полициясы мен жергілікті полиция басқа ғимаратта, күзет қызметі басқармасы төртінші, көші-қон басқармасы бесінші ғимаратта отыр. Ал олардың жедел әрекет ету орталығы ІІМ-нің ғимаратына орналасқан еді. Ішкі істер департаментінің басшысы аталған басқармалардың басшыларын қалай жинай алады? Енді олардың барлығы бір ғимаратта отырады", — деді министр.
Әрі қарай Қалмұханбет Қасымов бесжұлдызды қонақүйге тиесілі джакузидің жоқ екенін айтып, қажетті жөндеу жұмыстарының әлі де жүріп жатқанын жеткізді.
Тағы оқыңыз: Қасымов отпен ойнайтындардың көбейіп кеткенін айтты
"Джакузилерді алып кетті. Бұған ғимаратқа кіріп көз жеткізсеңіздер болады. Алдағы уақытта бұрын қонақтарға арналған нөмірлерден жеке кабинеттер жасалмақ", — деді ол.
Мұнымен қатар, министр аталған ғимаратты Астана қаласы әкімдігі тиісті жиһазбен қамтамасыз ететінін айтып өтті.
Полиция департаментін бұрынғы қонақүйге көшіру үшін жергілікті бюджеттен бір миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп отыр.