Дерекқор

Бүгін әлемде және Қазақстанда қандай мереке: 12 қараша

© Sputnik12 қараша
12 қараша - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бұл – Григориан күнтізбесінде 316-шы күн. Жыл соңына дейін 49 күн бар.

12 қарашада не болғанын білесіз бе?

Бұл күннің несімен әйгілі екенін Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

12 қарашада қандай қызықты оқиғалар болды?

Бүгін – Қауіпсіздік қызметкерлерінің күні. Қауіпсіздік адамдар, үйымдар, елдер және ақпарат үшін аса маңызды. Компанияда ерекше технология мен коммерциялық құпия болса, қауіпсіздік маманынсыз болмайды. Оның үстіне, күзетші әлемдегі ең көне мамандықтың бірі. Адамдар баяғыдан біреуді немесе бірнәрсені күзететін болған. Күзетшілердің міндетіне қожайынының тамағын татып көру де кірген екен. Өйткені беделді адамдарға қастандық жасағанда ішкен асына у қосып жіберу жиі кезігетін.

Тағы бір мереке – Шымшық күні. Ресми дереккөздерге сүйенсек, Шымшық күні экологиялық мейрам болып саналады, оны Құстарды қорғау одағы ойлап тауыпты. Ал халық арасында осы кішкентай құсты үнемі бақылап отыратын. Егер сарышымшықтар топ болып жиналса, аяз түсіп, қар жауып, боран соғады деген сөз. Шымшықтың салған әніне де мән беріп отырған: шыңғырса – күн суытады, ысқырса, күн ашық, жайма шуақ болады.

Күнтізбе күн өткен сайын бізді неше түрлі мейрамдармен таңғалдырады. Бүгін – Суықта дем шығарған кездегі будың күні. Ауа райы да осы күнге орай суытып кетті, таңертең далаға шығып, тыныстасаңыз, көз алдыңызда аппақ бу бұлты пайда болады.

12 қарашада әлемде болған тарихи оқиғалар

1859 жылы Парижде цирк әртісі Жюль Леотар алғаш рет әуе трапециясында қойылым көрсетті;

1860 жылы АҚШ-тың Құпия қызметі құрылды. Қызметкерлердің бастапқы мақсаты жасанды доллар шығарумен күресу болатын;

1910 жылы АҚШ-та әлемдегі алғашқы кинотрюк жасалды, каскадер жанып жатқан әуе шарынан өзенге секірген;

1990 жылы Тим Бернерс-Ли  World Wide Web ғаламторын құру туралы ұсыныс жариялады.

12 қарашада Қазақстанда болған тарихи оқиғалар

1959 жылы Қазақстанның журналистер одағы құрылды. 2001 жылы сәуірде қайта тіркеуден өткен. Қазақстанда екі мыңға жуық БАҚ, 44 республикалық және өңірлік телекомпания қызмет етеді. Одақ мүшелерінің саны бес мың адам;

1997 жылы Қазақстан Республикасының "Дипломатиялық қызмет туралы" заңы бекітілді.

1997 жылы Ақмола (Астана) қаласында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекет басшыларының кездесуі өтті. 

2005 жылы Астанада "Көшпенділер" фильмінің тұсаукесері болды.

12 қарашада әлемде дүниеге келген танымал тұлғалар

1935 жылы кеңестік және ресейлік театр және кино актрисасы, эстрада әншісі Людмила Гурченко дүниеге келді. КСРО-ның халық әртісі (фильмдері "Вокзал на двоих", "Любовь и голуби");

1961 жылы румын гимнасты, бес дүркін олимпиада чемпионы (1976, 1980), екі дүркін әлем чемпионы, тоғыз дүркін Еуропа чемпионы Надя Команечи дүниеге келді.

1970 жылы жаңазеландиялық актер, "Сақина билеушісі" трилогиясында Халдирдің рөлін сомдаған Крэйг Паркер дүниеге келді.

1982 жылы америкалық актриса   Энн Хэтэуэй дүниеге келді (фильмдері "Алиса Айнаның арғы бетінде", "Нью-Йоркте", "Интерстеллар", "Бір күн"). "Оскар" жүлдесінің иегері.

12 қарашада Қазақстанда кімдер дүниеге келді

1905 жылы композитор, профессор, қазақ кәсіби музыка өнерінің негізін қалаушылардың бірі Евгений Брусиловский дүниеге келді;

1960 жылы актер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Театр қайраткерлері одағының мүшесі Болат Әбділманов дүниеге келді.

Ай күнтізбесі

Ай Тауешкі белгісінде орналасады. Ауыр жұмыс күні болмақ, қызметте қиындықтар кезігіп, бұрын байқамаған шаруалар шығып, бар уақытыңыз бен күшіңізді соған жұмсауға тура келеді, соның кесірінен әріптестеріңізбен ренжісіп қалуыңыз мүмкін.

Жаңалықтар
0