ПЕТРОПАВЛ, 9 қараша — Sputnik. Қазақстан мен Ресей президенттері Нұрсұлтан Назарбаев және Владимир Путиннің қатысуымен өтетін пленарлық отырыстың басталуына аз уақыт уақыт қалды. Петропавлда не болып жатқанын Sputnik тілшісі айтады.
Қолайсыз ауа-райы
Соңғы апталарда Петропавлдағы ауа температурасы бес градусқа дейін жылып, қар орнына жаңбыр жауған-ды. Президенттер келген жұмаға қараған түні қатты аяз болды – түнгі он екіден бастап термометрдегі көрсеткіш ақырындап төмендеп, таңертең минус 15-ке жетті. Жолда мұз қатып, оларды түні бойы тазалады.
Таңертең Петропавлда өте суық және арасында қатты жел соғады.
"Нағыз солтүстік пен оны сақтаушылардың қайда екені белгілі болды", — деп әзілдеді Астана делегациясындағы адамдардың бірі.
Солтүстіктегі кішкене қаланың "астана" деген мәртебеге лайық болып жатқанымен келіспеуге болмайды.
Петропавлдықтардың өмірі қалай өзгерді?
Бүгін жұмыс күні және қала тұрғындарының көпшілігі жұмыстарына кетті. Форум өтетін жердегі жолды сағат 10 шамасында жаба бастады. Сол себепті тұрғындар жұмыстарына еш қиындықсыз жетті.
Жалпы ешқандай қарбалас байқалмайды, полицейлер де жайдарлы.
Қонақүй мен көлік
Көптеген адамды оқиға болатын жерге апару үшін қалалық көліктер жұмылдырылды. Журналистерді рейстік автобустармен алып барды.
Қала үшін екі мыңнан астам қонақтың келуі күтпеген жағдай болды – қонақүйлер мұншама адамды қабылдауға дайын емес еді. Қала тұрғындары уақытша туысқандарының үйіне барып, үйлерін келгендерге жалға берді.
Sputnik және өзге де астаналық журналистер, блогерлер орналасқан қонақүйдің екі қабатында әлі де жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жөнделген қабаттар қарапайым, бірақ көңілге қонымды. Жаңа төсектер, матрастар және төсек-орын жабдығы. Форумға орай кеңес заманынан келе жатқан ескі қонақүйге жылтырауық жағып, шыныпакет орнатқан. Қонақтар екі-үштен орналастырылды.
Қысқасы бағдарлама күрделі болғандықтан, шараға келгендер қонақүйді түнеп, ертесінде жұмыстарына қайта оралу үшін ғана пайдаланып жатыр.
Бұл жердің тамағын бөлек мақтау қажет – қарапайым тағамдардың өзін ерекше дәмді етіп әзірлейді.
Сақтық шаралары
Көшеде полицейлер әдеттегіден көп, кейбір бағыттар жабық. Бірақ адамдар емін-еркін қозғала алады.
Оқушылар сарайында адамдарды да, техникаларды да жақсылап тексеріп жатыр. Қызметтік иттер де жұмылдырылған. Журналистер қаруланған қауіпсіздік қызметкерлерін көрді. Бірақ мұның барлығы қарбаластың жоқтығымен және жалпы мейірімділікпен үйлесімділік тауып тұр.