АСТАНА, 5 қараша — Sputnik. Қазақстандық шорт-трекші, екі Олимпиадаға қатысушы Абзал Әжіғалиев ел рекордын жаңартып, Канадада өтіп жатқан Әлем кубогында екінші орын алды.
Ұлттық олимпиадалық комитеттің баспасөз қызметі хабарлағандай, халықаралық жарыстың бірінші кезеңінде Қазақстан құрамасы жақсы нәтиже көрсетуде.
26 жастағы Абзал Әжіғалиев 500 метр қашықтықта жарысып, Қазақстанның рекордын жаңартты – спортшы 40.136 секундта мәре сызығын кесіп, ҚХР олимпиада чемпионы У Дацзиннен (39.915) ғана қалып қойған.
"Бірінші күні жартылай финалға жетсем де, медальсіз қалдым. Бірінші кезеңнің соңғы күні финалға жетіп, екінші орын иелендім. Финалда үш олимпиада чемпионымен жарыстым", – дейді Абзал Әжіғалиев жетістігімен бөлісіп.
Екінші кезең АҚШ-та 7-9 қараша аралығында өтеді, алайда қазақстандық конькиші оған қатыспайды.
Спорттық мансабында Абзал Әжғалиев 2011 жылы Алматыда Азиаданың қола жүлдегері, 2016 жылы Әлем кубогы жеңімпазы және 2016-2017 жылдары екі дүркін қола жүлдегер, сондай-ақ былтыр Әлем кубогының күміс жүлде иегері атанды.
Ол екі Олимпиадаға қатысқан – 2014 жылы Сочиде және 2018 жылы Пхенчханда. Соңғы ойындарда Әжіғалиев Қазақстан құрамасының ту ұстаушысы болды.
Әлімханұлы төртінші жеңісінен кейін рейтингте 54 сатыға жоғарылады