АСТАНА, 4 қараша – Sputnik. Ресейдің халық әртісі Татьяна Васильева Мәскеу метросында басын жарақаттап алды.
Оқиғаның мән-жайын халық әртісі инстаграмда жариялаған видеосында баяндап берді.
Васильеваның айтуынша, оқиға 3 қараша күні болған. Кезекті станцияға тоқтаған кезде, пойыз машинисі еш хабарландырусыз есікті жауып, жүріп кеткен. Жолаушылардың жартысы вагонға кіріп үлгермеген, тіпті балаларынан ажырап қалған.
Ал әртіс жолаушылардың арасында қалып, басы вагон есігіне қысылып қалған. Салдарынан әйел бас сүйегінің жоғарғы бөлігіндегі гематома мен жақ сүйегі жарақатын алды.
РИА Новости хабарлағандай, метрополитен әкімшілігі аталған жайтқа қатысты түсініктеме берді.
"Мұндай оқиға болғаны өте өкінішті. Сенбі күні таңертең жолаушылардың бірі қызыл сигнал жанып тұрғанда, вагонға кірмекші болған. Өкінішке қарай, вагон есіктері жолаушыны қысып қалды. Біздің қызметкерлер жедел жәрдем шақыруды ұсынған, алайда жолаушы бас тартты. Бұл оқиға жолаушының денсаулығына кері әсерін тигізбейді деген үміттеміз", — делінген хабарламада.
Метро қызметкерлері "Абайлаңыздар, есіктер жабылады!" деген хабарландырудан кейін және қызыл сигнал жанып тұрғанда вагонға кіру мен шығуға тыйым салынатынын еске салды.
Татьяна Васильева – театр және кино әртісі. "Самая обаятельная и привлекательная", "Пеппи Длинныйчулок", "Сваты" фильмдері арқылы танымал. Осы күнге дейін 100-ге жуық рөл сомдаған.