АСТАНА, 4 қараша — Sputnik. Қақтығысушы тараптарды бітімге келтіру және босқындардың көші-қонын бақылау орталығы соңғы жиырма төрт сағат ішінде Ливан мен Иорданиядан алты жүзден астам босқынның Сирияға қайтып барғанын хабарлады.
"Бір тәулік ішінде Сирия Араб Республикасына шетелдік мемлекеттерден 646 босқын қайта оралды. Ливаннан — 155 адам, оның ішінде 45 әйел мен 76 бала. Иорданиядан — 491 адам, әйел — 147, бала — 245", — делінген хабарламада.
Деэскалация аумағындағы атыс
Сонымен бірге, Астанада 2017 жылдың мамырында Ресей, Түркия, Иран қол қойған Сирия аумағында деэскалация аумақтарын құру туралы Меморандумды орындау аясында тәртіп бұзушылықтар болғаны айтылды.
Соған қарамастан Идлиб деэскалация аумағында заңсыз қаруланған топтар тарапынан құқық бұзушылықтар саны азайыпты.
"Қарулы қақтығыстарды тоқтату режимін бұзуға қатысты мәселелерді қараумен айналысатын Ресей-Түркия бірлексен комиссиясының ресейлік өкілдігі провинцияларда үш рет атыс болғанын тіркеді: Латакияда екі жайт болса, біреуі — Идлибте", — делінген хабарламада.
Бірақ түрік өкілдігі ешқандай тәртіп бұзушылықты байқамапты.
Сириядағы қанды қақтығыс
Сирияда үкімет әскері, оппозиция жасақтары және террорлық топтар арасындағы қарулы қақтығыс 2011 жылдан бері жалғасып келеді.
Осы уақыт аралығында жарты миллион адам қаза тауып, қаншама сириялықтар босқын болып кетті. Ондаған қала қирап, ЮНЕСКО-ның әлемдік мұрасы тізімен енген архитектуралық және мәдени ескерткіштер жойылды.
Сириялық қақтығысты реттеу мақсатында 2017 жылы астаналық процесс — қақтығысушы тараптар арасындағы келіссөздер басталған болатын. Бұл процеске Ресей, Түркия және Иран бастамашы болды. Келіссөздердің бірнеше раунды Қазақстанның елордасы Астана қаласында өткен. 2018 жылдың екінші жартысында Астана процесі Сочиге ауысты, алайда атауын өзгерткен жоқ. Кезекті кездесу Астанада қараша айының соңында өтетін болады.