Қоғам

Астаналық судья ажырасуға келген ерлі-зайыптының аянышты тағдыры жайлы айтып берді

© Sputnik / Владислав ВодневОйыншықпен отырған бала
Ойыншықпен отырған бала - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазақстанда алименттен жалтарған әкелерге қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, алайда біздің тәжірибеде мұндай кездеспейді

АСТАНА, 1 қараша – Sputnik. Нұргүл Абай. Елімізде ажырасатындар саны жылдан-жылға артып бара жатқанына байланысты, алимент мәселесі өзекті бола түсуде. Себебі нарық заманында жалғызбасты аналарға бала асырау да оңай емес. Әкелердің дені ай сайынғы табысын балаларымен бөлісе бергісі келмейді, бір өкініштісі. Алименттің түрлері, әкелік міндетін орындамағандарға қолданылатын жаза, алимент мөлшері, азаматтық некеден туған балалардың құқығы – осы және өзге де сұрақтарға Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының судьясы Гүлзада Рашқалиева жауап берді. 

Пышақ - Sputnik Қазақстан
Өңірлер
Алматы облысында баласынан айырылған әке дәрігерлерді пышақпен жарақаттады
Алименттің түрлері қандай?

Гүлзада Рашқалиеваның айтуынша, Қазақстанда балаға және бұрынғы жұбайлардың бір-біріне төлейтін алименті кең таралған. Десе де алименттік міндеттемелер тек осы екі топпен шектелмейді. Алименттің де көбісі біле бермейтін бірнеше түрі бар. 

"Ең біріншісі, ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларына төлейтін алименттік төлемі. Екіншісі, кәмелет жасына жеткен балалардан әке-шешесін асырауға өндірілетін алимент. Тағы бір түрі –  некеде тұрған ерлі-зайыптының және бұрынғы жұбайлардың бір-біріне төлейтін алименті. Ерлі-зайыпты дәм-тұзы жараспай, ажырасып кетсе де, бір-бірінен заңда көрсетілген тәртіппен алимент өндіруге құқылы", — дейді судья. 

Бұдан бөлек, оның айтуынша, басқа отбасы мүшелерінің алименттік міндеттемелері де бар. Мәселен, кәмелетке толмаған, еңбекке жарамсыз балалар ата-анасынан алимент өндіруге мүмкіндігі болмаған жағдайда, өздерінің кәмелетке толған, еңбекке жарамды, қаражаты бар туған аға-апаларынан сот тәртібімен алимент өндіруге құқылы. 

Сондай-ақ, ата мен әженің де немерелері алдында алименттік міндеттемелері болады. Егер кәмелет жасына толмаған бала әке-шешесінен, туған аға-апаларынан алименттік төлем өндіруге мүмкіндігі болмаса, онда материалдық жағдайы бар атасы мен әжесінен алимент алуға құқылы. Және де, керісінше, көмекке мұқтаж атасы мен әжесінің еңбекке жарамды, кәмелетке толған немерелерінен алимент өндіріп алуға құқығы бар. 

Бұған қоса, өгей ұлдар мен өгей қыздардың өгей әкесі мене өгей шешесін күтіп-бағу жөніндегі міндеттері де бар. 

"Мұның барлығы заңда көрсетілгенмен, біздің тәжірибемізде жоқ деуге де болады. Әсіресе балаға және бұрынғы жұбайлардың бір-біріне төлейтін алиментіне қатысты іс көп түседі", — дейді Гүлзада Елтайқызы. 

Бір балаға төленетін алимент мөлшері қанша?

"Неке және отбасы" туралы кодекстің 139-бабына сәйкес, сот кәмелетке толмаған балаларға олардың ата-анасынан мынадай мөлшерде алимент өндіреді: 

 

  • Бір балаға – ата-анасы табысының немесе өзге де кірісінің төрттен бір бөлігі; 
  • Екі балаға – үштен бір бөлігі; 
  • Үш және одан да көп балаға – тең жартысы.

 

Десе де, судьяның айтуынша, сот тараптардың материалдық, отбасылық жағдайына қарай бұл мөлшерді кемітуі немесе көбейтуі мүмкін. 

"Бала 18 жасқа толған кезде, әке-шешенің алименттік міндеттемесі де тоқтайды ғой. Алайда, егер 18 жасқа толған бала күндізгі ақылы бөлімге оқуға түссе, оқуын тәмамдағанға дейін, яғни 21 жасқа дейін ата-анасынан алимент өндіруге сотқа талап-арыз бере алады. Оқу орнынан анықтама әкеледі, кейін сот шешімімен біз әкесінен немесе шешесінен 20 АЕК, 30 АЕК немесе 50 АЕК мөлшерінде ай сайын алимент бекітеміз", — деп түсіндірді Гүлзада Рашқалиева. 

Судья мүгедек балаларға да 18 жасқа толғаннан кейін алимент төленбейтінін атап өтті. 

Жауапсыз әкелерден алимент қалай өндіріледі?

Әкесі мен ұлы - Sputnik Қазақстан
Өңірлер
"Жатарға орын жоқ еді": Атыраудағы жалғызбасты әкенің тағдыры
Судьяның айтуынша, Қазақстанда, өкінішке қарай, бауыр еті баласы үшін қалтасынан бір тиын да шығарғысы келмейтін безбүйрек әкелер жетерлік. Сот алимент өндіру туралы шешім шығарғанмен, оны орындайтындар аз. Жауапсыз әкелерден алимент алудың ең тиімді жолы – ай сайынғы жалақысынан тікелей ұстап қалу, дейді Гүлзада Елтайқызы. 

"Жеңіл түрі – сот орындаушылары қаулы шығарады да, әлгі әкенің жұмыс орнына жолдайды. Соған сәйкес, бухгалтерия ай сайын жалақы түскеннен кейін үш күн ішінде алимент мөлшерін әйелге аударуға міндетті. Осылайша бала 18 жасқа толғанға дейін жалақысынан ұсталып отырады", — дейді ол. 

Ал жұмыссыздардан балаға алимент өндірумен сот орындаушылары айналысады. Гүлзада Рашқалиеваның айтуынша, ай сайын жалақысының бір бөлігін баласына бергісі келмейтін әкелер ажырасу кезінде әйелі екеуінің ортақ мүлкіне таласпай, толығымен тастап кетеді. 

"Ерлі-зайыптының некеде тұрған кезде алған ортақ үйі болған. Ажырасқаннан кейін әлгі үйде әйел мен балалары қалады. Бірақ пәтердің жартысы заң бойынша бұрынғы күйеуіне тиесілі. Алайда әлгі ер адам алименттің орнына үйді толығымен бұрынғы отбасына қалдырды", — деп әңгімеледі судья. 

Алименттен жалтарғандар қалай жазаланады?

Судьяның айтуынша, елімізде заң бойынша алимент төлемегені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Десе де жауапсыз әкелерді темір тордың ар жағына тоғыту өте сирек кездесетін жағдай, тіпті тәжірибеде кездеспейді деуге де болады. 

"Егер әкенің берешегі жиналып қалса, онда сот орындаушылар астындағы көлігін алып қойып, оны сатып, қарызды өндіреді. Дүние-мүлкіне тыйым салып жатады. Сосын борышкер әкелердің Қазақстан аумағынан шығуына шектеу қояды. Алимент бойынша қарызын өтемегенше, жүргізуші куәлігінің күшін жояды. Мұндай шаралардың бәрі алименттен жалтарып жүрген әкелерге ой салады. Себебі көлігімен жолаушы тасып, нәпақасын тауып жүргендер бар, енді бірі жұмыс бабымен шетелге жиі шығады. Яғни, оларды абақтыға қамап қойғаннан гөрі, алиментті уақытында төлеп тұруға түрткі болатын шараларды қабылдау тиімдірек", — дейді астаналық судья. 

Гүлзада Рашқалиева кез келген алимент оны төлейтін адамның жалақысының жартысынан аспауы керектігін атап өтті. Себебі қалған табысы өзінің өмір сүруіне, басқа отбасы болса, соны асырауға жетуі керек. Бұл тұста алимент төлейтін адамның несиесі немесе ипотекасы бар ма, жоқ па, бәрі қаралып, есепке алынады. 

Азаматтық некеден туған балаларға алимент өндіру мүмкін бе?

Соңғы жылдары жастар арасында "азаматтық неке" деген жаңа түсінік пайда болды. Тіпті жастарымыз бұған "ерікті махаббат" деген де атау тауып алған. Бүгінде қазақстандықтардың "азаматтық некеге" қатысты көзқарасы әртүрлі, әрине жақтаушылардан даттаушылар қарасы басым екені айтпаса да түсінікті. Себебі некенің мұндай түрі ақ некенің қадірін қашырып, жастарды қазақы салт-дәстүрден ажыратып, ұлттық құндылықтарымызды жоқ қылады деп алаңдауға негіз жоқ емес. Десе де, жаһандану толқынымен батыстан келген "азаматтық неке" біздің қоғамға дендеп еніп жатыр. "Азаматтық некеден" бір-бірін "сүйген" екі жастан бұрын, жоспарсыз дүниеге келген бейкүнә сәби сорлайтыны анық. Өйткені көп жағдайда ер адамдар жауапкершіліктен қашып, қаны бір болса да, туған баласын мойындамай жатады. 

Сарыарқа аудандық сотының судьясы да бұл сөзімізді растап отыр. Айтуынша, азаматтық некеде болған ер адамдар көбіне баласын мойындамайды, сондықтан сараптама тағайындап, анықтауға тура келеді. 

"Әйел азаматтық некеден туған баласына алимент өндіре алады, әрине. Егер баланың туу туралы куәлігінде әкесі кім екені жазылса, ешқандай дау туындамаса, сол кісіден өндіріп алынады. Егер ер адам келіспей, "әкесі емеспін" деп ат-тонын ала қашса, біз сараптама тағайындап, сол арқылы анықтаймыз. Жақында ғана сондай оқиға болып, біз сараптаманың көмегімен тағы бір жауапсыз әкеден алимент өндіру туралы шешім шығардық", — деп сөзін жалғастырды Гүлзада Елтайқызы. 

Алименттен бас тартып отырған ана мен оны төлеуге құлшынып отырған әке

Бес жыл бойы судья қызметін атқарып келе жатқан Гүлзада Рашқалиева алимент төлеймін деп сотқа талап-арызбен жүгінген әкені алғаш көруім дейді. 

"Ол ер адам кезінде бір қызбен көңіл қосқан, екеуі бірге тұрған екен. Үйленгелі жүрген кезде, сүйіктісі туралы жағымсыз әңгіме естіп, ренжіп, бірінші көрген қызға үйлене салады. Жақсы көрген қызы да көп ұзамай басқа жігітке тұрмысқа шығады, кейін отбасында сәби дүниеге келеді. Әйел баласының әкесі ретінде өзінің күйеуін жазған. Алайда төрт айдан кейін ажырасып кетеді.

Мына жігіт те әйелімен айырылысады. Кейінірек, жаңағы жігіт бұрынғы сүйіктісінің баласының әкесі өзі екеніне көз жеткізеді. Себебі баланың дүниеге келген уақытын есептесе, қыз оны екеуі бірге тұрып жатқан кезде көтерген екен. Сөйтіп, сотқа жүгініп, "сараптама жасатыңыз, алимент төлегім келеді, баламмен араласқым келеді" деп отыр. Ал баланың анасы сараптама жасаудан бас тартты, бірақ әкесі сол екенін мойындады", — деп әңгемеледі ол. 

Егер әйел сараптамаға мүлде көнбесе, онда әке мен баланың суреттерін салыстырып, жақындары мен достарын шақыртып, шешім шығарамыз дейді, Гүлзада Елтайқызы. 

"Әйел неге қашып отырғанын білмеймін, әдетте келіншектер алимент алуға мүдделі болады. Менің түсінгенім, мына ер адам бұрынғы сүйіктісін әлі де жақсы көреді, қимайды, сондықтан бала арқылы жолын тауып, қосылғысы келетін сияқты", — дейді судья. 

"10-20 жыл бірге тұрған жұбайыңмен ажырасу – 1-2 минуттық іс"

Сот табалдырығын тоздырып, баласына аз да болса көмек алудың қамымен жүгіретін жалғызбасты ана, жұмысы жоқтықтан қарызға белшесінен батып, сот орындаушыларынан "қайтсем, құтыламын" дейтін әке, толық емес отбасында тәрбиеленетін бала – үшеуі де ажырасу зардабын тартқан жандар. 

Астана қаласындағы SOS балалар ауылындағы отбасы - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Қазақстанда бала асырап алу үшін не істеу керек?
Сарыарқа аудандық сотының судьясы соңғы жылдары елімізде ажырасатындар санының өсіп бара жатқанына алаңдайды. 

"Бүгін, міне некені бұзу туралы он бір іске кірдім. Өкінішке қарай, бәрі ажырасып кетті. Бұл тамыз-қыркүйек айларынан жалғасып келе жатқан істер. Біз оларға татуласуға уақыт бердік. Бірақ, нәтиже жоқ", — деп қапаланды Гүлзада Елтайқызы. 

Айтуынша, осыдан екі-үш жыл бұрын судьялар арыз түскен бойда некені бұза салса, қазір ерлі-зайыптыға татуласуға екі, төрт, бес айға дейін уақыт береді. Іс түскеннен бастап бес күн бойы татуластыру шараларын жүргізеді. Әр отбасымен жеке-жеке әңгімелесіп, дос-құрбыдай сырласып, психолог сияқты жұмыс істейді. 

"Мен өзім әр отбасымен жарты сағаттап жұмыс істеймін. Он-жиырма жыл бір шаңырақ астында тұрдыңыз, оның бәрін бір-екі минутта бұза салуға болмайды деп айтамын. Егер жұбайының біреуі некені бұзуға келіспей тұрса, біз алты айға дейін татуласуға уақыт береміз. Заң бойынша, сондай құқығымыз бар", — дейді ол. 

Судьяның сөзіне сенсек, ажырасудың басты себептері – тұрмыстық мәселелер, отбасындағы кикілжің, жұмыссыздық, ішімдікке салыну. Әйелінің немесе күйеуінің көзіне шөп салу да жиі кездеседі, бірақ ол екінші орында дейді. Көбіне дәм-тұзы жараспай, ажырасып кететіндер – жастар. 

Судьяны даналығымен таңғалдырған әйел

Гүлзада Рашқалиева осыдан екі ай бұрын өзін даналығымен таңғалдырған әйел жайлы баяндап берді. Бірде оған жиырма жыл отасқан жұбайымен ажырасқысы келетін  әйел келген. Жасы шамамен елулердің үстінде. Үш баласы бар, екі қызы 18-19 жаста, кенжесі кәмелетке толмаған. 

"Әдетте, ажырасуға жастар келеді. Мына апайды көріп таңғалдым. Сосын әлгі әйелден себебін сұрадым. Сөйтсем, бәлен жыл бір шаңырақ астында тату-тәтті тұратын жұбайының басқа бір әйелден баласы барын біліп қойған. Сөйтіп айырылысу туралы шешім қабылдаған. Алайда, бір қызығы, екінші рет сотқа келгенде, күйеуін кешіргенін айтып, арызын кері алды. Қалай кешірдіңіз деп сұрағанымда, "жолдасым іс-сапардан ерте келіп, менен және балаларымыздан жылап кешірім сұрады, отбасын сақтап қалу үшін басқа баласы туралы тіс жармағанын айтты" деді", — деп әңгімеледі судья. 

Әлгі ер адам "бұдан былай ол әйелмен де, баламмен де араласпаймын, тек отбасымды сақтап қалсам болды" деген. Алайда жұбайы "ана әйелмен көріспейсің, бірақ баланың еш кінәсі жоқ, оны үйге әкеп тұрасың, жағдайын жасайсың, көмектесесің" деп шарт қойыпты. 

"Дана, ақылды әйел екен, мен таңғалдым", — дейді Гүлзада Елтайқызы. 

"Ерлі-зайыптыны татуластырудың қауіпті тұсы да бар"

Судьяның ісі – бір жапырақ арызға қарап, алдына келген жұбайларды ажырастыра беру емес, әрине. Мүмкіндігінше, қос тарапты бітімге келтіріп, татуластырып, отбасын сақтап қалуға тырысады. Балалардың ана мен әке мейіріміне бөленіп, бақытта отбасында тәрбиеленгенін қалайды. Десе де, татуластырудың соңы өкініш пен қайғыға әкеп соғуы бек мүмкін. Гүлзада Елтайқызы да өз қызметінде қайғылы оқиғаның куәгері болған адам.  

"Осыдан үш ай бұрын маған бір отбасы келді. Ол кезде мен Қостанайда жұмыс істеп жүргенмін. Әйел ажырасу туралы арыз түсірген, бірақ күйеуі қаламады. Екеуі студент кезден көңіл жарастырып, кейін шаңырақ көтерген. Күйеуі отбасымды, жұбайымды жақсы көремін дейді. Ал әйеліне қарасам, жүзінен еш жылылық, сезім байқамадым, көңілі суып кеткен сияқты. Университетте оқытушы екен, біраз биіктерге жеткен көрінеді, ал күйеуі ондай емес. Сөйтіп татуласуға бір-екі ай уақыт беріп, шығарып салдым.

Келесі сот отырысы болатын күні интернетте отырсам, "күйеуі әйелін пышақтап өлтіріп, өзі университеттің 8-қабатынан секіріп кетті" деген ақпаратты көзім шалды. Аты-жөндерін оқысам, маған келген әлгі әйел мен ер адам. Сөйтсем, күйеуі әйелінің жұмыс орнына барған, өзімен бірге пышақ тығып кіргізген, кабинетіне кіріп, екеуінің арасында ұрыс-керіс шыққан. Ер адам жұбайын пышақтап, өзі университеттің сегізінші қабатынан секіріп кеткен. Осы жазда болды трагедия. Отбасын сақтап қаламыз деп жүргенде, екі бала тірідей жетім қалды. Сондықтан мен ерлі-зайыптыларға жұдырықпен ештеңе шеше алмайсыңдар" деп үнемі айтып отырамын", — дейді ол.

Жаңалықтар
0