АСТАНА, 1 қараша — Sputnik. Қазақстанның елтаңбасында мемлекеттің аты латын әріптерімен жазылды. Бұдан былай мемлекеттік рәмізде "Қазақстан" жазуы латын графикасымен беріледі — QAZAQSTAN.
"Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы" заңына енгізілген өзгертулер 1 қарашадан бастап күшіне енді. Бұл туралы бұрын инвестиция және даму министрлігінің комитеті хабарлаған еді.
Тәуелсіз Қазақстанның елтаңбасы 1992 жылы қабылданды, онда көк аспандағы шаңырақ пен қос пырақ бейнеленген. Авторлары – белгілі архитекторлар Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
Нұрсұлтан Назарбаевтың 2025 жылға дейін қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру тапсырмасына байланысты елтаңбаға өзгеріс енгізілді.
Айта кетсек, латын әліпбиінде қазақ тілінің төл дыбыстары үшін диакриттік таңбалар пайда болады. Білім министрлігі балабақшалар, мектептер, колледждер мен ЖОО-ларда латын әліпбиіне көшу кестесін бекіткен.