ТҮРКІСТАН, 31 қазан — Sputnik, Жансая Тәуекелқызы. Түркістан облысы, Бәйдібек ауданындағы Кеңестөбе ауылынан 5 шақырымдық жерде Ақмешіт үңгірі орналасқан. Көпшілік арасында киелі орын атанып кеткен үңгірдің қасиеті неде? Бұл сұраққа жауап алу үшін Sputnik Қазақстан тілшісі арнайы барып қайтты.
Ақмешіттің тарихы
"Бұл Қаратаудың қасиеті дарыған таудың етегі. Бізді және астымыздағы аттарымызды жаңбырдан қорғап қалды. Сәждеге жығылып, намаз оқуымызға мүмкіндік берді. Үңгір ішіндегі тастары да ақ ұлпадай әппақ, керемет әсер қалдырады. Мұның қасиеттілігі сол шығар, сондықтан оны "Ақмешіт" деп атайық" депті. Міне, содан бері қасиетті орын ұрпақтан-ұрпаққа Ақмешіт деп аталып кетіпті.
1973 жылы Мәскеуден келген геологтар үңгір метеоридтың түсуінен пайда болған деген жорамал жасаған. Тарихшылардың зерттеуінше, үңгір тастары Энеолит дәуірінде қалыптасқан әктастан тұрады. Ол Орта Азиядағы ең үлкен үңгірлердің қатарына еніпті. Ғалымдар табиғаты ерекше орынды зерттеу жұмыстарын әлі де жалғастырып келе жатыр. Айта кетерлігі, үңгірдің қай ғасырда пайда болғаны туралы әлі күнге дейін нақты дәлел жоқ.
Үңгір іші мен ондағы климат
Ерекше көрінісімен келушілерді таң қалдыратын орын қыратты беткейде орналасқан. Оған түсу тереңдігі 10-12 метр. Ол үшін темір баспалдақ орнатылған. Үңгірдің ауызы 200 шаршы метрге жуық. Ал іші 1 гектардан аса жерді алып жатыр. Үңгір төбесінің биіктігі 32-35 метрді құрайды, ұзындығы — 162 метр, ені 64 – метр. Үңгір ішіне күн сәулесі батыстан тек кешқұрым уақытта ғана түседі.
Айтпақшы, Ақмешіттің тура ортасында тұт ағаштары бар, ол құдды бір орманды елестетеді. Төбеден бірнеше жерден су жыл он екі ай тамшылап тұрады. Үңгірдің бір кереметі, ондағы ауа температурасы қысы-жазы 18-20 градус жылылықты көрсетіп тұрады.
Ақмешіттің қасиеті
78 жастағы Асқар Рүстембекұлының Ақмешіт үңгірінің шырақшысы қызметін атқарып отырғанына жиырма жылдан асқан. Айтуынша, бала күнінде үңгір іші бүгінгіден де кең болыпты.
"Бала күнімізде ауылдың балаларымен талай келгенбіз. Үңгірдің мына бұрышынан қатты айқайлап сөйлегенімізде келесі бұрышта тұрған адам естімейтін" деген шырақшы келушілерге киелі орынның тарихын айтпас бұрын алдымен қауіпсіздік шарасын ескертетінін айтты.
"Келушілерге тас құлап кетпесе екен, аяқтары сүрініп қалмаса екен деп отырамын. Ол үшін арнайы бас киім де (каска) бар. Жан-жақтың бәрі жырақ, тас. Ниет етіп келушілер келгенде алдымен сақтық шараларын түсіндіремін. Кейін тарихын сұрайды. Оны айтып беремін. Кейде ақсақал деп бата сұрайтындар бар. Батамды да беремін. Осылай бірі келіп, екіншісі кетіп жатады", — деді қария.
Шырақшымен әңгімелесіп отырып, үңгірдің қасиеті туралы да сұрап білдік.
"Негізі үңгірге түскен адамның тынысы кеңейіп, ерекше күшке ие болады. Қан қысымы деп жатамыз ғой, сол қалпына келеді екен. Оны осында келіп кеткендерден естимін. Қант диабеті, тыныс жолдары ауруларына да шипа іздеп келгендерді білемін.
"Осында келсек, бойымыздағы теріс энергиядан арылып, жеңілдеп қаламыз" деушілер де бар", — деді шырақшы.
Бәйдібек аудандық әкімдігінің туризм мамандарының айтуынша, үңгір ішінде 15 минуттан аса жүрген адамның қан қысымы өз қалпына келіп, жүйкесі тыныштық табады екен. Ал жарты сағаттай аралаған адамның денесі жаман энергиядан толықтай тазарғаны анықталған.
Бұл арнайы зерттеу қорытындысымен дәлелденген көрінеді. Айта кетерлігі, тарихи деректерде Ақмешіт құлшылық және құрбан шалу орны болғаны айтылады.
Перзент сұрап келушілер қатары артып отыр
Ақмешітке келушілер саны жыл сайын артып отыр. Бірақ, олардың саны туралы нақты дерек жоқ. Тек болжам ғана. "Тарихи-табиғи мұраны қорғау және пайдалану орталығы" мекемесінің жүргізген жұмыстары бойынша, үңгірге жылына жүз мыңнан аса адам ниет етіп кетеді екен. Олардың көбі өз отандастарымыз болса, қалғаны Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен арнайы іздеп келіп, тілек тілейтіндер.
Аналардың бірі ұл балаға зар болса, екіншісінің дүниеге алып келген балалары бірінен соң бірі шетінеп кете беріпті. Содан екеуі осы үңгірде түнеп, ниет еткен көрінеді. Түс көріп, бір ер кісі аян беріпті. Міне, осы жағдайдан соң көп ұзамай ниет еткен аналардың бірі ұлды болады. Ал екіншісі бүгінде батыр ана атанып отыр екен.