Дерекқор

Бүгін әлемде және Қазақстанда қандай мереке: 1 қараша

© Sputnik 1 қараша, күнтізбе
1 қараша, күнтізбе - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бұл – Григориан күнтізбесіндегі 305-ші күн. Жыл соңына дейін 60 күн қалды

1 қарашада не болғанын білесіз бе?

Бұл күннің несімен әйгілі екенін Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

1 қарашада қандай қызықты оқиғалар болды

1 қарашада бүкіл әлемде вегандар кәсіби мерекесін тойлайды – Веган күні. Төл мейрамдарынан бөлек, өздерінің жеке қоғамы да бар: оны вегандықтың негізгі идеологтарының бірі  Дональд Уотсон құрған. Айтпақшы, "веган" сөзін қолданысқа енгізген де осы адам. Вегандық – вегетериандықтың ең қатал түрлерінің бірі. Бұлардың қатарына қосылғысы келетіндердің есте сақтағаны жөн: веган болу үшін еттен ғана бас тартпайсыз, жұмыртқа, сүт тағамдары, бал және басқа жануар өнімдерін аузыңызға алмауға тиіссіз. Сонымен бірге, тері, жүн, жібектен тігілген киімдерді ұмытасыз. Жануарлар арқылы сынақтан өткен бүкіл өнім мен дәрі-дәрмекке тыйым салынады. Ең танымал вегандар — Клинт Иствуд, Натали Портман, Моби, Лени Кравец, Пол МакКартни, Брайан Адамс және т.б. Осы жұлдыздардың арқасында бұл бағыт сәнге айналып бара жатыр. 

Бүгін – кофе қалдығымен бал ашу күні. Күнделікті кофе ішпесе тұра алмайтын жандар аз емес. Бірақ хош иісті сусынға әбден қанған соң, неге болашаққа болжам жасап көрмеске? Кім біледі, ерекше өрнектер алдағы өміріңіз туралы хабар беретін шығар. Бір қызығы, Ресейде Петр І кофені алғаш елге алып келген сәттен бастап бал ашу әдеті пайда болды. Әсіресе байлар қатты сеніп, болашағын білу үшін сығандарды үйлеріне шақыратын болған.

Ұйымдастыру қабілетіңіз жоғары, біліміңіз мол, ойыңыз жүйрік болса, бүгін сіздің төл мерекеңіз – Менеджер күні. Ештеңеден жасқанбай идеяңызды іске асырыңыз, бәлкім, басшылық бұл дарыныңызды байқап, тасыңыз өрге домалайтын шығар. 

1 қарашада әлемде қандай тарихи оқиғалар болды

1520 жылы Магеллан бұғазы ашылды;

1897 жылы "Ювентус" итальян футбол клубы құрылды;

1993 жылы Еуропалық одақ құрылды;

1990 жылы адам құқығы бойынша Еуропалық соттың негізі қаланды;

1 қарашада Қазақстанда болған тарихи оқиғалар

1964 жылы Т. Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрында орыс труппасы құрылды;

1992 жылы бұрынғы Түркістан әскери округының 32-ші әскері құрамалары мен бөлімшелерінің базасында Қазақстандағы алғашқы әскери корпус құрылды, штабы Семейде орналасқан;

1996 жылы Алматыда "Айналайын" бірінші халықаралық жас дарын фестивалінің ашылуы болды;

2004 жылы Қарағанды қаласының "Аяла" вокалды-хореографиялық ансамблі Мәскеуде "Толқын үстінде" халықаралық байқауында бірінші орын жеңіп алды;

2005 жылы Қызылорда облысындағы көне заман тұрақтарындағы қазба жұмыстары кезінде бірегей заттар табылды.

1 қарашада дүниеге келген танымал тұлғалар

1758 жылы итальян мүсіншісі, ХІХ ғасырдың еуропалық академиялық мүсін өнерінің өкілі Антонио Канова дүниеге келді;

1911 жылы кеңестік театр және кино актері Сергей Столяров дүниеге келді (фильмдері: «Цирк», «Руслан и Людмила», «Василиса Прекрасная», «Кащей Бессмертный»);

1923 жылы танымал кеңестік кинорежиссер әрі сценарист Сергей Микаэлян дүниеге келді. Фильмдері: «Влюблен по собственному желанию», «Иду на грозу», «Принимаю бой», «Вдовы»;

1973 жылы үнді актрисасы әрі фотомодель Айшвария Рай дүниеге келді. 1994 жылғы Әлем аруы.

1 қарашада Қазақстанда кімдер дүниеге келді

1949 жылы жазушы, драматург, Қазақстан журналистер одағының К. Қазыбаев атындағы сыйлығының иегері Сейілғазы Әбдікәрімов дүниеге келді;

1974 жылы танымал балуан, еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Берік Деңгелбаев дүниеге келді;

1985 жылы спортшы, зілтемірші, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Майя Манеза дүниеге келді;

Ай күнтізбесі

Ай Арыстан белгісінде орналасады. Бүгін достарыңызбен қарым-қатынасқа ерекше мән бергеніңіз жөн. Ең жақын достарыңызбен кездесіңіз, бар уақытты жұмыс пен үйде ғана өткізсеңіз, көп нәрседен кем қаласыз. Жан жағыңызға қараңыз, күндер зымырап өтіп жатыр, өмірдің қызығынан құр қалмауға тырысыңыз.

Жаңалықтар
0