ШЫМКЕНТ, 30 қазан — Sputnik. Әлеуметтік желіде Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының дәретханасында баласын ұрған әйелдің сол баланы қала көшелерінің бірінде тағы ұрғаны туралы екінші бейнежазба тарады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Оған қоса бүгін инстаграм желісінде сол әйелдің қала көшелерінің бірінде баланы тағы ұрып жатқан видеосы тарады. Қазір полиция қызметкерлері әйелмен жолығып, бүгінгі бейнежазба бойынша анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр", — дейді баспасөз хатшысы.
Бұған дейін бұл әйелге қатысты әлеуметтік желіде видео тараған болатын. Ол Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының дәретханасында баланы жылатып қойып, ал өзіне ескерту жасаған әйелдерге дөрекі жауап береді.
Желі қолданушысы бейнежазбаға: ""Бүгін Шымкентте жұмыспен қамту бөлімінің əжетханасында болған. Баласын ұрып, теуіп жатқан əйелдің араша түскен адамдарға айтқан сөзі…", — деп жазба қалдырған болатын.