АСТАНА, 28 қазан — Sputnik. 26 жастағы Синьцзян тұрғыны бір жыл бойы қарнындағы металл қасықпен жүрген. Ол мас күйінде трюк көрсетпек болып, қасықты жұтып қойыпты.
Daily Mail жазғандай, қытай дәрігерлері рентген суреттерінен қасықты көріп қатты таңғалған. Ер адамның іші ауырып, тынысы тарылып жүрген көрінеді. Бірақ қасықты көргенде, еш саспастан бір жыл бұрын жұтып қойғанын айтты.
Жас жігіт бөтелкелестерін ерекше трюкпен таңғалдырмақ болыпты — ас қасығын жұтып, жіппен қайта тартып алуы керек еді. Бірақ жіп үзіліп кетіп, қасық іште қалып қояды. Қысқасы, науқастың жанына батпаған соң, бір жыл бойы дәрігерлерге қаралмаған.
Дәрігерлер операция жасамай, қасықты науқастың аузынан алып шыққан. Өкінішке орай, бір жыл ішінде ер адамның ішек құрылысына зақым келіп, енді емделіп жүр.