АСТАНА, 28 қазан — Sputnik. Қазақстандағы 13 шағын қаланың мәртебесі халық саны бойынша белгіленген талаптарға сәйкес келмегендіктен қайта қаралып жатыр.
Бұл ретте жергілікті атқарушы органдарға 2018 жылдың соңына дейін әрбір нақты жағдайда (экономикалық, әлеуметтік, демографиялық және т.б.) жоспарланып отырған ықтимал өзгерістерге жан-жақты талдау жүргізу бойынша экономикалық есептеулер жүргізу тапсырылған", — деп жазылған мәжіліс депутаттарының шағын қалаларды дамыту мәселелеріне қатысты депутаттық сауалына берілген үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың жауабында.
Өйткені, елді мекеннің мәртебесін өзгерту әртүрлі салаларға, ең алдымен, салық және бюджет заңнамасына, аумақтарды қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламаларына қатысу шарттарына, кәсіпкерлікке, сондай-ақ халықтың әлеуметтік көңіл-күйіне әсер етеді.
Шағын қалалардың мәртебесін өзгерту мәселелері бойынша облыс әкімдіктерінің ұсыныстары өңірлік саясат мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қарауына шығарылады, осы жұмыс аяқталғаннан кейін комиссияның ұсыныстарын 2019 жылғы бірінші тоқсанда министрлік үкіметтің қарауына енгізетін болады.
"Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерінің Степняк, Державинск, Ерейментау, Жем, Темір, Шар, Қарқаралы, Қазалы, Форт-Шевченко және Мамлютка қалалары жөніндегі болжамды деректері бойынша аталған қалалардың мәртебесін сақтап, оларды аудандық деңгейдегі экономикалық өсу нүктелері ретінде дамыту ұсынылады.
Бұл ретте, Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі Булаево және Сергеевка қалаларының мәртебесін ауылдық мәртебеге өзгерту туралы мәселені қолдауда. Осыған байланысты, аталған мәселе бойынша келісілген ұстанымдарды әзірлеу үшін тиісті облыстардың әкімдіктері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, кейбір шағын қалалардың мәртебесін ауыл мәртебесіне өзгерту мәселесін зерттеу бойынша жұмысты жалғастыратын болады", — дейді үкімет басшысы.