АСТАНА, 28 қазан — Sputnik. Қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің промоутері Том Леффлер GGG жанкүйерлерінің оның өз отанындағы жекпе-жегін көргісі келетінін айтты, деп жазады Sports.kz.
"Қазақстан Головкиннің жекпе-жегін күтіп жүр, онда 40 мың орындық футбол стадионы бар. Олар оның Қазақстанда жекпе-жек өткізгенін қалайды. Қазір оның мүмкіндігі көп, бұрынғыдан әлдеқайда көп. Оның танымалдылығы артты, ол бүкіл әлемге танымал", — деді Леффлер.
Айта кетсек, Головкин кәсіпқой бокстағы карьерасында Қазақстанда тек бір жекпе-жек қана өткізді. 2010 жылы ол колумбиялық Нильсон Хулио Тапиамен (15-3-1, 11 КО) жұдырықтасып, WBA тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы белбеуін қорғады. Головкин үшінші раундта нокаутпен жеңіске жетті.