АСТАНА, 22 қазан — Sputnik. Табиғи апаттардың алдын алу және оларды жою ұлттық агенттігі Индонезияның Сулавеси аралында болған жер сілкінісі мен цунами мемлекетті 13,8 триллион индонезиялық рупий (шамамен 911 миллион доллар) көлемінде шығынға батырғанын хабарлады. Сондай-ақ, осы жер сілкінісінен көз жұмғандардың нақты саны айтылды. Бұл туралы The Jakarta Post басылымы жазды.
Аталған басылым мәліметінше, соңғы есеп бойынша жер сілкінісі мен цунамиден қаза болғандардың саны 2 256 адамға жетіп отыр. Мұнымен қатар, 4 612 адам әртүрлі жарақат алып, 68,5 мың үй қиратылған.
Ұлттық агенттіктің ресми өкілі Сутопо Нугрохоның айтуынша, цунами мен жер сілкінісі салдарынан бәрінен бұрын тұрғын үй секторы жапа шекті. Палу шығанағы маңындағы барлық ғимарат қиратылған. Сондай-ақ, өкіл бұл шығынның әрі қарай да өсе беретінін айтып өтті.
Естеріңізге сала кетсек, 28 қыркүйек күні Индонезияда магнитудасы 7,5 балдық жер сілкінісі болып, екі қала мен бірнеше ауылды аймаққа зақым келген. Палуда мыңдаған адам үй қиратындыларының астында қалды. Осы алапат апаттан кейін қираған қалаларға кіруге тыйым салынды.