АСТАНА, 19 қазан — Sputnik. Енді смартфон арқылы көлік картасында қанша ақша қалғанын көруге және ақша салуға болады. Мұны қалай жасауға болатынын Astana LRT басшысының орынбасары Бекмырза Игенбердиев айтып берді.
"Әзірге Real LRT тестілеуден өтіп жатыр. Енді картадағы балансты тексеру үшін оны смартфон үстіне қою жеткілікті. Кейін смартфон экранында бірден қанша ақша қалғаны туралы ақпарат пайда болады. Әрі қарай толтыру деген тетікті басып, қажетті соманы енгіземіз", — деді Астана LRT басшысының орынбасары.
Қазіргі сәтте бұл қосымшаны Android операциялық жүйесі барлар іске қоса алады. Бірақ алдағы уақытта iOS үшін де тағы бір нұсқасы жасалмақ.
Игенбердиновтің айтуынша, компания жаңа автоматтар сатып алудан бас тартып, жолаушыларға картаға ақша салудың осындай жеңіл түрін ұсынбақ.
Смартфондарға арналған қосымша қараша-желтоқсан айларында іске қосылады.
Елорда Ақпарат порталының хабарлауынша, жуырда қоғамдық көлікте жолақысын төлеуге арналған арнайы білезіктер мен салпыншақтар пайда болады. Биыл девайстар тестілеу режимінде қолданыста болады, ал келесі жылдан бастап сатылымға шығады.