АСТАНА, 18 қазан – Sputnik. Алдағы бес жылда екі миллионға жуық қазақстандық баспанамен қамтылады. Бұл туралы бүгін қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қаржы министрі президент "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасын тағы 5 жылға созғанын еске салды.
"Тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыру және халықтың тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында Қазақстанда "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы табысты жүзеге асырылып келеді. Президент оны іске асыру мерзімін тағы 5 жылға ұзартты. Алдағы бес жылда мемлекеттік бағдарлама бойынша 650 мыңнан астам баспана немесе 76,6 миллион шаршы метр салуды жоспарлап отырмыз. Бұл екі миллионға жуық азаматты баспанамен қамтаасыз етуге мүмкіндік береді", — деді Смайылов үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Төмен пайызбен ипотека беретін жаңа бағдарлама құрылды
Оның айтуынша, "7-20-25" бағдарламасы аясында алдағы бес жылда 100 мыңнан астам отбасы баспаналы болмақ.
"Жалға берілетін тұрғын үй құрылысын арттыру үшін үш жыл ішінде 30 миллиард теңге бөлінеді. Бұл 250 мыңнан астам отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартуға септігін тигізеді", — деді министр.