АСТАНА, 16 қазан – Sputnik. Ташкентте медбике болып жұмыс істейтін Камола Абдуллаеваны 11 қазан күні бір топ адам сабап, соққыға жыққан. Қыз адам құқығын қорғаушы Елена Урлаеваға шағым айтып барған.
AsiaTerra сайтының мәліметі бойынша, медбикені өзінің анасы Карима Курбанова, сонымен бірге Мұрат және Батыр есімді екі жігіт ұрған. Камоланың айтуынша, оны ұрып қана қоймай, айқайламау үшін аузын скочпен жапсырып қоюға тырысқан, деп жазды centralasian.org.
Жас қыз Мұрат есімді жігітке тұрмысқа шыққысы келмегені үшін соққыға жығылғанын айтты. Қыз бұл жігітті өмірінде екі рет қана көрген. Оның анасы Карима Курбанова 11 қазанда молда шақыртып қойған. Бірақ қыз Мұратқа тигенше, өлгенім артық деп айтқан. "Күйеу жігіттің" бұрынғы некесінен екі баласы бар.
Қазақстандық танымал суретші қыз алып қашқан жігіт сотталғанда қатты қуанғанын айтты
Қыз түнгі киімімен үйінен қашып шыққан. Анасы оның құжаттарын алып, болашақ "күйеу балаға" берген.
Адам құқығын қорғаушы Елена Урлаева милицияға және "жедел жәрдемге" хабарласты. Дәрігерлер Камоланың миы шайқалғанын, шүйде терісі зақымдағанын анықтады.