ҚОСТАНАЙ, 15 қазан — Sputnik. Қостанайда наннан шыққан ағаш жаңқасына қатысты іс бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қостанай қалалық соты зардап шеккен қыз баланың анасының арыз-шағымын қарап, шешім шығарды. "Пасечник" ЖК адам денсаулығына зиян келтіргені үшін 50 000 теңге төлеуге міндеттелді. Ал шағымданушы тарап 300 000 теңге өндіруді талап еткен еді.
Естеріңізде болса, Қостанай ауданындағы Мичурин елді мекенінің тұрғыны 14 жастағы Алина Масальская бір тілім нанмен қоса ағаш жаңқасын жұтып қойғанын жазған едік. Өңешіне жаншылған шөңге салдарынан қыз бала басын қозғалта алмай, тамақ жеуден қалып, тіпті сөйлеуге шамасы келмеген. Ота жасалғаннан кейін ол ауруханада он күндей жатқан.
Баласының денсаулығына алаңдаған Наталья Масальскаяның айтуынша, кәсіпкер жағдай ушықпай тұрып, дереу қарекет еткенде бұл іс сотқа жетпейтін еді.
Сот отырысында "Пасечник" жеке кәсіпкерлігінің өкілі Тана Сүлейменова зардап шеккен тараптан кешірім сұрап, наубайхананың айыбын мойындады, дегенмен ол тікелей дәлелдердің жоқтығын алға тартты.
Сот үкім шығарған күні Сүлейменованың не өзі, не жеке кәсіпкерліктің өзге қызметкерлері келмеді. Алайда, Наталья Масальскаяның қорғаушысы үкім шығару отырысына кәсіпорынның технолог маманын шақыруды талап еткен болатын.
Өскеменде қыздың асқазанынан пима тәріздес бір уыс шаш шықты
Арыздың тұтастай қанағаттандырылмаса да, Наталья Масальская сот үкімімен келісетінін білдірді. Оның сөзінше, сот арқылы ақша өндіру басты мақсат емес, діттегені – кәсіпкерліктің жауапсыздығын жария етіп, дәлелдеу.
Айта кету керек, сот үкімімен "Пасечник" жеке кәсіпкерлігі арызданушыға сот шығынын өтеуге міндеттелді. Масальскаяға төленген жалпы сома көлемі – 114 мың теңгеге жуық.
"Сот отырысында айыпталушы тараптың кінәлі екені айтылды. Бастысы, қызымның құқын қорғап қалдым, әрі денсаулығы жақсы", — дейді арызданушы Наталья Масальская.