АСТАНА, 15 қазан – Sputnik. Астаналық ата-аналар мектеп асханасында тағамның қалай әзірленіп жатқанын камера арқылы бақылауы мүмкін. Бұл туралы бүгін қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Егер ата-ананың санитарлық кітапшасы болса, онда ол мектептің ас үйіне кіріп, балалар тағамы қалай әзірленіп жатқанын қарай алады. Алайда мектептердің басым бөлігінде ас әзірлеу орындары ашық. Қазір біз келесі жылдан бастап мектеп асханаларына камера орнату мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Соның көмегімен әр ата-ана ас үйдегі процесті бақылай алады", — деді Жанғозин мектептердегі тамақтану жүйесіне қатысты брифингте.
Оның айтуынша, бракеражды комиссияның көмегімен Астанадағы екі мектепте жеткізушілермен келісімшарт бұзылған.
"Бракеражды комиссиялар қандай да бір проблеманы немесе ереженің сақталмағанын байқаса, оны актілер мен журналдарда көрсетеді. Соның негізінде біз мектеп директорларынан келісімшартты бұзуды талап етеміз. Дәл осылай біз Астанадағы екі мектепте жеткізушілермен келісімшартты бұздық", — деді ол.