АСТАНА, 11 қазан — Sputnik. Димаш Құдайберген Ұлыбританияда өтетін концертінен түскен қаражатты қазақстандық балалардың халықаралық маңызды байқауларға қатысуы үшін жұмсамақ. Бұл туралы әншінің өзі Instagram желісіндегі парақшасында жазды.
"Қымбатты достар! Уәде етілгендей, мен сіздерге Ұлыбританиядағы Қазақстан мәдениеті күндері аясында 19 қараша күні Лондонда қайырымдылық мақсатта өтетін концертім жөнінде ақпарат беремін. Коммерциялық емес концерттің ұйымдастырушысы — Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрлігі. Шара Ұлыбританидағы Қазақстан Республикасы елшілігінің қолдауымен өтеді. Жиналған барлық қаражат Қазақстанның жас таланттарын халықаралық маңызды байқауларға қатыстыруды қолдау үшін жұмсалады", — деді ол.
Сондай-ақ, әнші концерт өтетін Royal Festival Hall мекемесінің тіркеу жүргізумен айналыспайтынын айтып өтті. Сөз соңында барша жанкүйеріне алғыс айтып, олармен 19 қараша күні концертте жүздесетінін айтты.
Желі қолданушылары өз кезектерінде Димаш Құдайбергеннің бұл шешімін толықтай қолдайтындарын жазып, оған ақ тілектерін жаудырды.