АСТАНА, 10 қазан — Sputnik. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев елдер мен геосаяси блоктар арасындағы жанжал күшейіп бара жатқанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Назарбаев дін көшбасшылары Қазақстан астанасына осымен алтыншы рет жиналып отырғанын атап өтті.
Президент саясаткерлермен діни қайраткерлерді санкциялық қақтығыстар, дінаралық қайшылық, сауда соғысы, қоршаған ортаның ластануы секілді өзекті мәселелер мазалайтынын айтты.
"Ғылыми-технологиялық прогресс кезінде өркениетаралық қақтығыстар абсурд көрінеді. Бәрімізге ортақ ғаламшарды кейінгі ұрпаққа қандай күйде қалдырамыз, міне қазір бұл басты өркениеттік проблема. Біз осымен 18 жыл үшінші мыңжылдықта өмір сүріп жатырмыз. Алайда бейбітшілік,ынтымақтастық пен молшылық адамзат дамуының негізгі тенденциясына айналған жоқ. Әлемдік қоғамдастық өзара сенімсіздік, жақтырмаушылық пен жанжалдың шеңберінен шыға алмады. Жағдай түзелген жоқ, керісінше одан сайын нашарлап барады", — деді Елбасы.
Тағы оқыңыз: Президент: Дін істері министрлігінің жұмысы еліміз үшін аса маңызды
Мемлекет басшысы елдер мен геосаяси блоктар арасында қақтығыс, түсініспеушілік күшейіп, оқшауланып бара жатқанына алаңдады.
"Ең қауіптісі,адамдардың ойы мен жүрегінде өзара бөлектенушілік күшеюде. Қазір бәрі бірігуге емес, бәсекелестікке, бақталастыққа ұмтылады. Әлем елдері халықтың өркендеуі үшін бірлескен жобалар құрудың орнына бір-бірін жойып жіберетін құралдар жасауда. Турасын айтсақ, бұл тығырыққа тірейтін жол. Сондықтан біздің ортақ міндетіміз — прогресс магистраліне қайта оралуға жәрдемдесу. Бұл жолда уақыт жоғалтуға болмайды",- деді ол.