АСТАНА, 9 қазан — Sputnik. Жамбыл облысында өзбекстандық ерлі-зайыпты құл иеленушілерден жәбір көргенін айтып шағымданды.
Сөздеріне сенсек, бес ай бойы мал бақтырған қалталы кәсіпкер оларды ұрып-соғып, жалақыларын бермей зар илеткен. Ал қашып кетпес үшін біреуін үйде кепілде ұстады дейді. Ала тақиялы ағайынның еркінен тыс жұмысқа жегілгендері рас па? Бизнесменнің өзі не дейді?
Өткен жылы Гүлзира есімді әйелдің малын баққан азамат жұбайын ертіп ақша табуға биыл тағы келген. Алайда бұл жолы қожайыны еткен еңбектің ақысын бермей зар илетті дейді. Көк тиын бұйырмасын білген ерлі-зайыпты қашып кетіп, бірақ ұсталып қалады. Сол үшін екеуін жұмыс берушінің баласы сабап тастағанын айтады, деп хабарлады КТК.
"Хотун екеуімізді ұрып тастады. Сиыр жоқ деп дубинкамен ұрды", — дейді Өзбекстан азаматы Расулжан Шәріпов.
Расулжанның сөзінше, бұл оқиғадан кейін кәсіпкер қысымды күшейткен. Яғни малшы қашып кетпес үшін оның сауыншы әйелін үйден шығармай кепілде ұстағанын айтады.
"Екі балам бар, анам бар. Не қыламыз енді? Көмек беретін адам жоқ", — дейді Шәріпов.
Көз жасын көл қылған 44 жастағы азамат ауылдағы сүт сатушы белсенді келіншектен көмек беруді сұрайды. Тілшілерді шақырып, полицейлерге де хабар берген сол кісі. Сөйтіп, жалшы құзырлы орын өкілдерін ертіп барып, кепілде отыр деген әйелін шығарып алды.
Астана тұрғыны қалыңдығын секс-құлдыққа сатып жіберді
Ал жұмыс беруші әйелмен тілдесу мүмкін болмады. Төбе көрсеткен оның келіні қысқа ғана жауап қайырды: "Үйде адам жоқ, тойға кетті. Олжас шықпайды, ауырып жатыр".
Өзбекстан азаматтары аудандық ішкі істер бөліміне жеткізілген соң жағдай мүлдем өзгерді. Жылап-сықтаған жәбірленушілер күтпеген жерден айтқандарынан айныды. Олардың неліктен бұлай еткендері түсініксіз.
"Тергеу барысында Өзбекстан азаматтарын ешкімнің еркінен тыс ұстамағанын, жалақыны уақытылы әрі толық көлемінде алғандарын айтты. Сонымен қатар, жүргізілген сот-медициналық сараптама нәтижесінде олардан ешқандай дене жарақаттары анықталған жоқ ", — дейді Жамбыл облыстық ІІД баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.
Отанын сағынғандардың хикаясы мұнымен бітпейді. Екеуі Қазақстанда заңсыз жүргендері үшін 30 тәулікке қамалды. Сондай-ақ Өзбек азаматарын заңсыз жұмысқа тартқаны үшін бизнесмен де қомақты айыппұл төлейтін болды. Оның көлемін сот шешпек.
Ақтөбеде өртенген 52 өзбектің туыстары 7, 8 миллиард теңге талап етті