АСТАНА, 3 қазан – Sputnik. Мәжіліс депутаттары әскери қызметшілердің тамақтануын қамтамасыз ету қызметін мемлекеттік сатып алулар заңынан алып тастауды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін мәжілісте бірінші оқылымда мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу мәселелері туралы заң жобасы қаралды. Жалпы отырыс барысында мәжілісмен Жанат Жарасов заң жобасына әскерилердің тамақтануына қатысты енгізілген өзгерістерге қатысты қаржы министрлігінің позициясы қандай екенін сұрады.
"Депутаттар "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі" туралы заңға әскерлердің тамақтануын қамтамасыз ету мәселелерін мемлекеттік сатып алулар туралы заңнан шығаратын түзетулер енгізді. Мұндай қызметтерді қазір мектептерде жасалып жатқандай ерекше тәртіппен сатып алу ұсынылды. Біздің әріптестеріміз енгізген осы түзету бойынша сіздің министрліктің ұстанымы қандай?", — деді ол.
Қаржы министрі Әлихан Смайылов әскери қызметшілерді тамақтандыру процесін ерекше тәртіппен жүргізуді қолдайтынын жеткізді.
"Әскерлерді тамақтандыру – өте күрделі мәселе. Біздің ойымызша, мемлекеттік сатып алу заңнамасынан оларды шығаруға болмайды. Бірақ мемлекеттік сатып алуға байланысты ерекше тәртіпті бекітетін тиісті ережелер бар. Осы тәртіп бойынша әскерлерді тамақтандыру мәселесін реттемекпіз. Біріншіден, демпинг мәселесін, яғни шектен тыс төмен бағаға жол бермеу. Екіншіден, тамақтандырудың сапасы бойынша тиісті киритерийлерді нақтылауымыз керек. Жалпы әскерилерді ерекше тамақтандыру ерекше тәртіппен жүргізілу керек дегенді біз қолдаймыз", — деді ведомство басшысы.
Осы орайда мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин депутаттың ұсыныстарында өте үлкен мәселе жатқанын атап өтті.
"Қазіргі тәжірибе көрсеткендей, бірқатар аурухана мен мектептерде демпингтік бағамен алынған тамақта ешқандай сапа жоқ. Ертең мұндай жағдай әскери мекемелерде қайталануы мүмкін. Сондықтан әскери орындарда, мектептер мен ауруханаларда ешқашан демпинг бағаға жол беруге болмайды. Әлихан Асханұлы, екінші оқылымға дейін бұл мәселені міндетті түрде қарау керек", — деп тапсырды спикер.
Нығматулин, ең алдымен, бағаға емес, тамақтың сапасына баса назар аудару керектігін айтты.
"Тым болмағанда, мектеп, ауруханалар мен әскери бөлімдерде ерекше тәртіп енгізейік", — деді ол.