АСТАНА, 3 қазан — Sputnik. Кешеден бері 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакованың ресми түрде 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері деп танылғаны туралы ақпарат таралып жатыр. Бұл хабарды Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметі жеткізген еді.
Бірақ даңқты отандасымыздың өзі бұл жүлдені қабылдай алмайтынын айтты.
"Әр нәрсенің өз уақытымен болғаны жақсы. Жүлде ұтып, тұғырда тұрған сәттегі қуанышыңды ештеңемен де салыстыруға болмайды. Бүгінгі жеңіс маған ондай тамаша көңіл-күй сыйламады", – дейді спортшы.
Ольга Рыпакова мұндай жеңісті спортшы өз күшімен жеңіп алуы тиіс екендігін айтады, деп жазды altaynews.kz.
"Тыйым салынған дәрі-дәрмекті пайдалануға үзілді-кесілді қарсымын. Жеңіске ақ жолмен жету керек", – деді ол.
Ольга Рыпакова жоғарыда өзі айтқандай, тамаша көңіл-күйді Токиода болатын Олимпиадада сезінгісі келетінін айтып қалды.
"Токиода болады деп жоспарланған Олимпиадаға қатысқым келеді. Ол үшін жақсы даярланып, жарақат алмауға тырысу керек. Бірақ менде одан бұрын да жоғары деңгейдегі жарыстар бар. Әлем чемпионаты мен "Гауһар лига" күтіп тұр", – деді спортшы.
Айта кетейік, он жыл бұрынғы Олимпиада қорытындысы бойынша Рыпакова үштік секіруден төртінші орын иеленген еді. Алайда кейінірек қола және күміс жүлдегер атанған атлеттер – грекиялық Хрисопия Деветци мен ресейлік Татьяна Лебедеваның допинг пайдаланғаны дәлелденіп, жарыстағы нәтижелері жойылды.