ҚАРАҒАНДЫ, 3 қазан – Sputnik. Балқашта екі күн бұрын үйдің ауласынан шығып кеткен екі жасар бала табылмай жатыр.
Бекнұр Дәрігүл 2 қазан күні сағат 12:00-де жоғалып кетті. Ол Техснаб елді мекеніндегі жеке үйдің ауласынан шығып кеткен. Оның ата-анасы бала қақпаны ашып, ауладан шығып кеткенін байқамай қалған. Еріктілердің хабарлауынша, бала тұратын үйдің аумағында Балқаш көліне құятын канал ағып жатыр.
Еріктілер сол күні кешкі сағат жетіде, Бекнұрдың жоғалып кеткенін ести сала іздеуге кірісті. Әзірге баланың шұлығы ғана табылды.
"Қазір іздеуге 300-ден астам адам: жергілікті тұрғындардан жасақталған еріктілер, полиция, ТЖ, өртке қарсы қызметтің мамандары шықты. Кешке қарай жергілікті әскери бөлімнен ресейлік әскерилер келеді", — деп хабарлады еріктілердің бірі.
Алматы облысында жеті жасар бала адасып кетіп, тау ішінде қаза болды
Іздеу шаралары екі күннен бері жүргізіліп жатыр. Көмекке Қарағандының тәжірибелі кинологтар командасы жіберілді, иттер баланың ізіне түсуі мүмкін.
Бекнұр Дәрігүл қызыл жейде мен ақшыл колготка киген, қара шашты, қоңыр көзді. Полиция оның қайда екенін білетіндерден 102 немесе 7 705 326 86 98 телефонына хабарласуды сұрайды.