АСТАНА, 2 қазан – Sputnik. Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар келесі аптадан бастап зейнетақы қорына зейнетақы жарнасын аудара алады. Бұл туралы бүгін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, зейнетақы жарнасын әр айдың 25-не дейін төлеу қажет.
"Бүгін үкімет отырысында қаулыға дауыс берді. Ол өз күшіне енген кезде, бұл норма қолданыста болады. Апта соңына дейін күшіне енеді деп ойлаймын. Келесі аптадан бастап зейнетақы жарнасын төлей беруге болады. Жарна әр айдың 25-не дейін төленуі керек", — деді Әбілқасымова үкімет кулуарында.
Ол барлық банк азаматтардан төлем қабылдауға дайын екенін атап өтті.
"Біз жүйенің дайындығын тағы да қосымша тексеріп шықтық. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы толығымен дайын екенін хабарлады, төлем белгілеудің барлық коды бар. Барлық қызметкерге ескертілді. Төлем "Азаматтарға арналған үкімет" шотына банктер арқылы жүргізіледі, одан әрі мемлекеттік корпорация оны зейнетақы қорына аударады. Сондай-ақ БЖЗҚ барлық негізгі банктерге реквизит шоттары көрсетілген хат жіберді, барлық банк дайындығын растады", — деді министр.
Қандай да бір қиындық туындаса, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар Азаматтарға арналған үкімет (1414) пен "БЖЗҚ"АҚ (1418) call-орталықтарына хабарласа алады.
Еске сала кетсек, осы жылдың шілдесінде азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғаларды Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жарна аударуға міндеттейтін заң қабылданған еді.