Қоғам

"Үздік педагог" байқауының жеңімпазы: Мұғалімдердің жалақысы аз деп айта алмаймын

© Photo : pixabayҰстаз
Ұстаз - Sputnik Қазақстан
Жазылу
"Үздік педагог" байқауының қорытындысы бойынша 48 орта мектеп мұғалімі және 16 колледж оқытушысы жеңімпаз атанды

АСТАНА, 2 қазан – Sputnik. Астанада "Үздік педагог" республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. "2018 жылдың үздік педагогі" төс белгісі мен 2 405 000 теңге сыйақы алғандардың қатарында Көкшетаудағы дарынды балаларға арналған № 3 облыстық мамандандырылған мектеп – интернаттың мұғалімі Дана Ысқақова да бар, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

18 жыл білім саласында еңбек ететін Дана Манапқызы – химия пәнінің мұғалімі. Жақында мектеп директоры болған. 

"Үздік педагог-2018" байқауының жүлдегері атанғаныма өте қуаныштымын. Мұғалім үнемі ізденісте жүретін адам. Осы жолда жүріп бірнеше байқауға үзбей қатысып келемін. Еңбегімнің жемісін бүгінгі байқаудан көріп тұрмын. Бұған дейін авторлық бағдарламалар конкурсында жүлдегер атандым, ал оқушыларым облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы екенін мақтанышпен айта аламын", — дейді елордаға келген мұғалім.

Ысқақованың айтуынша, бүгінде елімізде ұстаздар үшін барлық жағдай жасалған. Жалақы да бес жыл бұрынғы деңгеймен салыстырғанда біршама өскен.

Үздік педагог байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Дариға Назарбаева үздік мұғалімдерге 2,4 млн теңгеден табыстады

"Бүгінгі күні мұғалімдерге барлық жағдай жасалған деп айта аламын. Жаңартылған білім беру мазмұны, үш тілде білім беру енгізілді, мектептерге білікті кадрларды тарту жолға қойылып отыр. Мұғалім проблеманы көрсе, соны жеңуге тырысатын адам ғой. Егер біз проблемадан қорқатын болсақ, онда оқушыларымыздың жағдайы не болады?! Сондықтан жағдаяттан шыға білу – біздің басты мақсатымыз. Мұғалімдердің жалақысы осыдан бес жыл бұрын аз болғаны рас. Ал қазіргі таңда үш тілде білім беру бойынша жалақыға 35 мың теңге қосылады. Одан кейін жаңартылған білім беру мазмұны, мұғалімдерге 18 сағатқа қосымша 24 мың теңге төленеді. Енді, міне, биылғы оқу жылынан бастап модератор мұғалім, шебер мұғалім, эксперт мұғалім, осылардың барлығына 30, 40, 50% үстемақы қосылады. Сондықтан мұғалімнің ақшасы аз деп айта алмаймын", — дейді ол.

Химия пәнінің мұғалімі байқаудан жеңіп алған 2,4 миллион теңгені қайда жұмсайтынын айтты. 

"Ақшаның бір бөлігін білім саласын дамытуға жұмсаймыз. Авторлық бағдарламалар дайындау, тіпті пəн кабинетінен бастап жабдықтау –  менің басты мақсатым. Одан кейін жас мамандарға арналған əдістемелік оқу құралдарын әзірлегім келеді", — деді Ысқақова. 

Айта кетсек, "Үздік педагог" республикалық конкурсы педагогтердің қоғамдағы мәртебесін және беделін арттыру, үздік мұғалімдердің озық педагогикалық іс-тәжірибесін тарату мақсатында 2012 жылдан бастап жыл сайын өткізіледі.

Ұстаздар - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Биылғы жылдың үздік 64 мұғалімі

Биыл аудандық және қалалық турларға 3 864, облыстық турларға 710 педагог қатысты, ол өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп. 

Байқау қорытындысы бойынша 48 орта мектеп мұғалімі және 16 колледж оқытушысы жеңімпаз атанды.

Жеңімпаздарды марапаттау салтанатында 64 жеңімпазға "2018 жылдың үздік педагогі" төс белгісі, куәлік, сондай-ақ, 1000 АЕК (2 405 000 теңге) сомасында сыйақы табыс етілді.

Жаңалықтар
0