АСТАНА, 25 қыркүйек — Sputnik. Павлодар облысы ІІД бастығы Амантай Әубәкіровті "компаниямды тартып алды" деп айыптаған америкалықтың шағымына қатысты тексеріс жүріп жатыр. Бұл туралы бүгін ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Тергеу өткізілуде, азаматтық процесс жүріп жатыр. Біздің қауіпсіздік департаменті де тексеріс жүргізуде, прокуратура әлгі азаматтың арызы бойынша да тексеріс бастады. Іс негізінде шағымданған азамат пен бастықтың әйелінің азаматтық-құқықтық қатынастары болған соң, бәріміз күтіп отырмыз. Шешім қабылданған соң, анықтаймыз", — деді үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Айта кетсек, 23 қыркүйекте YouTube каналында "ҚР ІІМ генералы америкалықты тонады" атауымен ролик жарияланған еді. Бейнежазбада Павлодар облысы ішкі істер департаментінің бастығы, генерал-майор Амантай Әубәкіров "АҚШ азаматына тиесілі мейрамхана мен компанияны заңсыз тартып алды" деп айтылған.