АСТАНА, 20 қыркүйек — Sputnik. Мөлдір Әуелбекова тыңдармандарына күтпеген мәлімдеме жасап, ресми түрде ажырасып кеткенін айтты. Сондай-ақ, әнші экс күйеуінің ұлын іздеп келмейтінін айтып жылап жіберді.
Жұлдыз әлеуметтік желідегі парақшасында ұлымен түскен видеосын жариялады. Аталған видеода әнші күйеуімен ажырасып кеткенін айтып жылап жібереді. Сондай-ақ, ол видеоның тұсына тыңдармандарына арнап жазба қалдырған.
"Салтай деген бала осы. Ал күйеуіммен ресми түрде ажырасып кеткеніме бір жарым жылға таяп қалды. Әкесі іздемейді, келмейді. Ұлым көзімнің жасын сүртіп жатыр", — деп жылап жіберді 31 арнаның "Айта берсін" бағдарламасында әнші.
Әрі қарай Мөлдір Әуелбекова сүйіктісімен айырылысқанына қарамастан, бүгінде бақытты екенін жеткізді.
"Осымен тақырыпты рұқсат болса жабайық. Аллаға сансыз шүкір, бүгініме бақыттымын! Тәп-тәтті ұл өсіріп отырмын. Ата-анам, бауырларым жанымда! Ең маңыздысы, осындай сынаққа тап болған сәттерімде, әрдайым сағымның сынбауына себепкер болатын мені қолдаушы да, қорғаушы да сіздер барсыздар! Көзімнің жасын сүртетін жақындарым мен халқымның арқасында мен бекеммін! Құшақтадым!" — деді әнші.
Әлеуметтік желі қолданушылары өз кезектерінде әншіге мұңаймауға кеңес беріп, жылы сөздер жазып жатты.
"Мөлдір жаным, сен ешқашан өзіңді тастама. Қиналсаң егілме, тек алға жүр! Тағдыр сені барынша сынап жатыр ғой. Ал сен сынба. Барлығы енді Салтай батыр үшін жасалмақ. Өмір жолындағы қара жолақтан Алла оң жағына, ақ жолына шығаратынына сенімді бол! Бәрі бір Алланың арқасы! Бастысы денің сау, ата-анаң, бауырларың аман болсын! Әйел қырық шырақты деп бекер айтылмаған. Өмірің әлі алда. Алла бағыңды ашсын! Өнерің өрлей берсін!" — деп жазды желі қолданушылары.