АСТАНА, 15 қыркүйек — Sputnik. Бұл жекпе-жекте Геннадий Головкиннің карьерасы ғана емес, бүкіл өмірі қыл үстінде тұр. Альварестен жеңіліп қалатын болса, осы күнге дейін жасағандарының барлығы бекер болмақ. Осылай мәлімдеді танымал комментатор Джим Лэмпли fightnews.info сайтына берген сұхбатында.
Америкалық HBO телеарнасының комментаторы Джим Лэмпли WBC, WBA (Super) және IBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкиннің алдағы жекпе-жегі оңайға соқпайтынын айтты. Яғни, оның пікірінше, бұл жекпе-жекте карьерасы емес, қазақстандық спортшының бүкіл өмірі қыл үстінде тұр.
"Головкин 37 жаста және бұл оның орта салмақтағы 390-шы жекпе-жегі. Маған 390 рет бір салмақ дәрежесінде таразы үстіне тұрған боксшыны атаңызшы. Бұл тамаша карьера. Сенбі күні Головкин өзін тарихтағы мықты спортшы ретінде танытқысы келетіні сөзсіз. Бірақ ол жеңілетін болса, оның карьерасына үлкен қауіп төніп тұр. Бұл жолы GGG карьерасы ғана емес, бар өмірі қыл үстінде тұр. Себебі ол жеңілетін болса, Афинада алған "күміс" жүлдеден кейінгісінің бәрі қателік болмақ", — деді ол.
Әрі қарай комментатор Головкиннің бұдан да атақты болуға шамасы жететінін айтып өтті.
"Канело" салмақ өлшеу кезінде Головкинді ұрмақ болды
"Головкин Афинадан кейін бірден АҚШ-қа жол тартса, оның карьерасы қандай болатын еді? Бәрі мүлдем басқаша жүзеге асар еді деп ойлаймын. Ол бұдан асқан жұлдыз болатын еді. Бокс тарихында бұдан да үлкен із қалдыратын еді", — деді Лэмпли.
Естеріңізге сала кетсек, бүгін түнде боксшылар ресми салмақ өлшеу рәсімінде болды. Кейін көз түйістіру кезінде былғары қолғап шеберлері жұдырықтасып қала жаздады. Рематч 15 қыркүйекте (Қазақстанда 16 қыркүйек күні таңертең сағат 08:00 мен 08:30 арасы) Лас-Вегастағы T-Mobile Arena-да өтеді. Қос боксшы да бұл жекпе-жекті нокаутпен аяқтауға уәде берді.