Дерекқор

Бүгін әлемде және Қазақстанда қандай мереке: 13 қыркүйек

© Photo : Pixabay / StartupStockPhotosБағдарламашы
Бағдарламашы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Бұл – Григориан күнтізбесінде 256-шы күн. Жылдың соңына дейін 109 күн бар

13 қыркүйекте не болғанын білесіз бе? 

Бұл күннің несімен есте қалғанын Sputnik дерекқорынан оқыңыз.

13 қыркүйекте әлемде қандай қызықты оқиға болды:

 Бүгін қайшы ұстаған жандар кәсіби мерекесі – Шаштараз күнін атап өтеді. Кейбір деректер бойынша, мереке 14 қыркүйекте тойланады. Демек мерекені 13-інен бастап, 14-інде аяқтауға болады. Шаштараз мамандығы Ежелгі Мысырда пайда болған. Ол заманда негізінен перғауындар мен олардың жұбайлары шашын қидырған. Әйелдер мен ерлер шашты қына немесе басмамен бояп, күрделі шаш үлгісін жасауды әдетке айналдырған. Біздің заманымызға дейін сақталған қабырғадағы суреттерге (фреска) қарап, ежелгі Мысыр мамандарының шеберлігіне еріксіз таңданасың. Олардың құралдары қазіргі заманғы қайшылар мен ұстараларға өте қатты ұқсайды. Сұлулық салондарына келетін болсақ, олар Ежелгі Грекиядан бастау алады. Мұндай мекемелерде әйелдер шашы мен тырнағын тәртіпке келтірген. 

Тағы бір кәсіби мерекені бағдарламашылар атап өтеді. Бұл мерекенің датасы кібісе жылы (366 күнді жыл) келгенде өзгеріп отырады. Яғни, бағдарламашылар күні 12 немесе 13 қыркүйекте тойланады. Оны мерекелеу күні кездейсоқ таңдалып алынбаған – бұл жылдың 256-шы күні. Байт ақпаратты сақтау бірлігі ретінде 256 кодтың немесе мәннің бірін білдіруі мүмкін.

Сондай-ақ, бүгін Шарлотка (кептірілген алма мен нан қосып пісірілген тәтті тағам) және күзгі бәліш күні. Егер сіздің асханаңыздан тәтті тағамның иісі шығып жатса, демек бүгінгі күннің рәсімін дұрыс орындадыңыз. 

13 қыркүйекте әлемде болған тарихи оқиғалар: 

1741 жылы Ресей фабрикаларында жұмыс күнін 15 сағатқа шектейтін жарлық шықты;

1902 жылы Ұлыбританияда қылмыс орнынан алынған саусақ іздері алғаш рет айыпталушының кінәсін дәлелдеуге айғақ ретінде қолданылды; 

1929 жылы ағылшынның бактериолог ғалымы Александр Флеминг өзінің жаңалығы – пенициллинді таныстырды;

1999 жылы Мәскеуде Кашир тас жолында тұрғын үй жарылды. 

13 қыркүйекте Қазақстанда болған тарихи оқиғалар:

1930 жылы №4 әскери қойманың базасында Қазақстан Қарулы Күштерінің №44859 әскери бөлімі құрылды;

2000 жылы Астанадан жеті шақырым қашықтықта спорттық саймандармен және заманауи жабдықтармен жарақталған, барлық халықаралық стандарттарға жауап беретін гольф-клуб ашылды;

2004 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау iсiн реформалау мен дамытуға арналған мемлекеттiк бағдарламасы туралы" Жарлыққа қол қойды;

2006 жылы Орал қаласында қазақ және орыс тілдерінде басылған "Пушкин және Орал өңірі" кітабы таныстырылды. Кітаптың авторы – оралдық белгілі әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Николай Шербанов;

2007 жылы Астанадағы №50 мектеп-лицейге жоңғар басқыншыларына қарсы шайқастарда атамекенін жаудан азат еткен батыр, қолбасшы Райымбек батырдың есімі берілді. 

13 қыркүйекте дүниеге келген танымал тұлғалар: 

— 1898 жылы кеңестік театр және кино актері, КСРО халық әртісі Марк Прудкин дүниеге келді  (фильмдері: "Анна Каренина", "Ағайынды Карамазовтар");

— 1916 жылы валлий жазушысы, "Чарли және шоколад фабрикасы" ертегісінің авторы Рональд Даль дүниеге келді;

— 1923 жылы Ұлы Отан соғысы жылдарында Кеңес Одағының батыры атағын алған (қайтыс болғаннан кейін) алғашқы әйел – Зоя Космодемьянская дүниеге келді; 

— 1951 жылы ресейлік музыкант, автор-орындаушы Александр Розенбаум дүниеге келді. "Бізге келіңіздер", "Гоп-стоп!" және тағы басқа әндері бар. 

13 қыркүйекте Қазақстанда кім дүниеге келді: 

—  1900 жылы мемлекет және қоғам қайраткері Мұқаш Орынбаев дүниеге келді;

— 1906 жылы биші, балетмейстер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Юрий Ковалев дүниеге келді;  

— 1926 жылы жазушы, ақын Нәби Бөрекешов дүниеге келді;

— 1935 жылы жазушы, журналист Рамазан Тоқтаров дүниеге келді;

— 1938 жылы Қазақ КСР классикалық би мемлекеттік ансамблінің (1967 жылы – "Алматының жас балеті",  2003 жылдан бастап Қазақстан Республикасының мемлекеттік академиялық би театры) негізін қалаушы және басшысы Болат Аюханов дүниеге келді;

— 1940 жылы скрипкашы, дирижер, композитор, Қазақстанның халық әртісі Мұрат Серкебаев дүниеге келді;

— 1947 жылы продюсер, деректі фильмдерді қоюшы оператор Әубәкір Сүлеев дүниеге келді; 

— 1947 жылы экономика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық инженерлік академиясының академигі Рахман Алшанов дүниеге келді; 

— 1963 жылы суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Айбек Бегалин дүниеге келді.

Ай күнтізбесі

Ай Сарышаян белгісінде орналасады. Қолайлы күн, жаңа бастамаларды қолға алуға болады, жаңа жобалар үшін бизнес-жоспарлар әзірлеп, өзіңізге барлық міндеттемені ала аласыз. 


Жаңалықтар
0