Қоғам

Денис Тенді өлтіргендерді жақтаған мұғалімнің ісіне қатысты жаңа дерек шықты

© Sputnik / Тимур Батыршинқылмыстық кодекс
қылмыстық кодекс - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Батыс Қазақстанның Белес ауылының физика мұғалімі Шерхан Байзенов бірінші қыркүйекте жұмысқа шықпайды

АЛМАТЫ, 31 тамыз — Sputnik. Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді өлтіргендерді жақтап, әлеуметтік желіде жазба жариялаған мұғалім жұмыстан шеттетілді, ол сотқа дайындалып жатыр. 

Sputnik тілшісіне аудандық білім бөлімінен хабарлағандай, 25 жастағы Шерхан Байзенов адвокат жалдаған. 

"Тергеу әлі аяқталған жоқ. Байзенов адвокат жалдады, ол сотқа дайындалып жатыр", — деді Зеленов аудандық білім бөлімінің жетекшісі Серік Сафиуллин.

Оның айтуынша, Байзенов 13 тамызға дейін еңбек демалысында болған. Ол демалыстан шыққан күні сотқа дейінгі тергеу және сот кезіндегі уақытқа жұмыстан шеттетілді. 

Мұғалім - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Денис Тенді өлтіргендерді жақтаған мұғалім жұмыстан қуыла ма?

Жұмыстан шеттету туралы бұйрықты мектеп директоры еңбек кодексінің 48-бабы (Жұмыстан шеттету) негізінде шығарған. 

Сафиуллин атап өткендей, Шерхан Байзенов1 қыркүйекте де жұмысқа шықпайды. 

Шерхан Байзенов 20 шілде күні Instagram желісіндегі жазбасында Денис Теннің суретін жариялап, "сол қытайды өлтірген" қылмыскерлерді жақтап сөйлейді. Әлеуметтік желі қолданушыларының толассыз шағымынан кейін полицейлер мұғалімді ұстап, қылмыстық кодекстің 174-бабы 1-тармағы "Әлеуметтік, ұлттық, тектік, нәсілдік немесе діни алауыздық тудыру" бойынша іс қозғады. Кейін күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған. Ұсталғаннан кейін Байзенов қазақстандықтардан кешірім сұрап, видеоүндеу түсіреді. 

Еске сала кетсек, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілдеде Алматыда автокөлік ұрыларының қолынан қаза тапты. Спортшы тұрақта тұрған автокөлігіне келе жатып, көліктің айнасын ұрламақ болған қаскөйлерді көреді. Ұрылардың соңынан қуып, тоқтатпақ болғанда, пышақ жарақатын алған. Көп қан жоғалтқан спортшы ауруханаға түскеннен кейін екі сағаттан соң көз жұмды.

Денис Теннің өлімі: Күдікті сотта не айтты?

Көп ұзамай екі күдікті — 24 жастағы Нұралы Қиясов пен 23 жастағы Арман Құдайбергенов ұсталды. Олар сот шешімімен қамауға алынды. Кейін полицейлер күдіктілердің сыбайласы Жанар Толыбаеваны ұстады. 
Жаңалықтар
0