АСТАНА, 28 тамыз – Sputnik. Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов жұмыссыздарды нәтижелі жұмыспен қамту көрсеткіші неге төмен екенін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін Үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова жұмыссыздарды нәтижелі еңбекпен қамту көрсеткіштері төмен өңірлерді атаған еді. Олардың қатарында Атырау облысы бар. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов көрсеткіштің төмендігін былай түсіндірді.
"Бағдарлама аясында 1873 адамға түрлі жұмыспен қамту шараларын көрсеттік. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар, жастар практикасы бар. Бұл жерде айта кететін мәселе, Бақытжан Әбдірұлы (Сағынтаев, премьер-министр – Sputnik ескерт.), Атырау облысы мұнайлы өлке болғандықтан, орташа жалақы жоғары. Соған сәйкес, осы жұмыссыздар қажетті білім деңгейі болмаса да, жоғары еңбекақы талап етіп, бұл жұмыстарға бармай отыр", — деді ол.
Шапкенов, бұған қоса, жұмыссыздар қысқа мерзімді курстар арқылы оқып, еңбекпен қамтылып жатқанын атап өтті.
"Негізінен, министрлікпен бірлескен жоспарымыз бар. Бұл жоспарлы жұмысты одан әрі жалғастыратын боламыз",-деді әкім орынбасары.
Оның айтуынша, қазір облыста 8 мыңнан астам тіркелмеген жұмыссызбен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екі қолға бір күрек таппай жүргендер есепке алынып, жұмыстан бас тартқандардан қолхат жиналуда.
Қазақстандықтардың орташа айлық жалақысы 163 мың теңгеге жетті
Әкімдердің баяндамасынан кейін премьер-министр Бақытжан Сағынтаев мәртебесі нақтыланбаған азаматтарды заңдастыру жұмысын әрі қарай жалғастыруды тапсырды.
"Ол, негізінен, жергілікті өңір басшыларының жауапкершілігіне жатады. Біздің ең басты мақсатымыз – әрбір азаматты еңбекке тарту", — деді үкімет басшысы.