Өңірлер

Түркістан облысындағы кітапхананың ең кішкентай оқырманы 2 жаста

© Sputnik / Жансая ТәуекелқызыТүркістан облысындағы 400 мыңға жуық кітап қоры бар кітапхана
Түркістан облысындағы 400 мыңға жуық кітап қоры бар кітапхана - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Түркістан облысындағы аудандық кітапханада 400 мыңға жуық кітап бар, көбіне қазақ тілді туындыларға сұраныс жоғары

ТҮРКІСТАН, 27 тамыз — Sputnik, Жансая Тәуекелқызы. Түркістан облысы, Созақ ауданының орталығында орналасқан кітапхана кітап қорынан бөлек, оқырман жасымен де ерекшеленеді. Мұндағы ең кішкентай оқырман 2 жаста болса, ең үлкені — 78 жаста. Рухани азық мекенінің тыныс-тіршілігімен танысқан Sputnik тілшісі қызықты жайттарға қанық болып қайтты.

75 жылдық тарихы бар

Созақ ауданының орталығы Шолаққорғанда орналасқан аудандық кітапхананың 75 жылдық тарихы бар. Қиын-қыстау заманды бастан кешкен кітапхана бүгінде облыс бойынша кітап қоры бай орындардың бірі. Мұнда көп кездесе бермейтін құнды кітаптар бар. Тіпті республикалық, жергілікті басылымдардың 33 жылдық мұрағаты сақталған. Барлығын қосқанда кітапханадағы кітап қоры қазіргі таңда 400 мыңға жуық данаға жетіп отыр. 

кітап - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Астанада мұқабасы адам терісінен жасалған кітап халық назарына ұсынылды

Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі әрі ақын Гүлнәр Өмірбектің мұнда еңбек етіп келе жатқанына 38 жылдан асқан. Жұмыс орны екінші үйіндей болып кеткен қызметкер Кеңес үкіметі кезінен қалған көптеген кітап егемен елдің идеологиясына сай келмегендіктен жойылғанын атап өтті. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде кітап саны күрт артқан. Сәйкесінше оқырман талғамы да өзгерген. Бұрындары детектив, фантастика жанрындағы кітаптарға сұраныс көп болса, қазір қазақ көркем әдебиетіне сұраныс жоғары. Білім саласына қатысты қазақ тілді кітаптар қатары жыл санап арту үстінде. Оған жергілікті бюджет есебінен тұрақты түрде қаржы бөлініп тұрады. Тек соңғы шығып жатқан жас ақындардың туындыларын табу қиындық туғызып келеді екен. Оның өз себебі де бар. Көбіне жас ақындар өз қаржысына жинақтарын шығарып, саны шектеулі болған соң кітапханаға жетпей қалады. Осы ретте кітапханашы жас ақын-жазушыларға өз туындыларын кітапханаға өткізсе, оны оқитын оқырман саны да артады дегенді алға тартты.

 "Жастар кітап оқымайды деген теріс пікір"

"Бізде кітап қорын толықтыру жағынан проблема жоқ" деп сөзін бастаған Гүлнәр Өмірбек кітапханадағы оқырмандар қауымына кеңінен тоқталып өтті.

"Бізге көбіне жастар келеді. Олар поэзияға құмар. Соңғы кезде "жастар кітап оқымайды" деген пікір қалыптасқан ғой. Мен онымен келіспеймін. Ол теріс пікір. Қайта керісінше, дәл қазіргі таңда жастар арасында кітап оқу сәнге айналып келеді. Тіпті әлеуметтік желілерде оқыған кітаптары туралы жазып, ойларын бөлісіп жатқан жастарды көріп кәдімгідей қуанасың. Одан өзге бізге зейнет жасындағы адамдар да көп келеді. Олар көбіне өлке тарихына қызығады. Ал орта жастағы ересек жандардың келуі сирек. Оларды да түсінуге болады, жұмысы бар…", — деді кітапхана қызметкері.

Рухани азық мекенінің жұмысымен таныстырған қызметкер жүрген жерінде мұғалімдерге өз кеңесін де айтып жүретінін жеткізді. Себебі көп жағдайда мектеп оқушылары мұғалімнің берген тапсырмасын интернеттен көшіріп апарып береді. "Оқушы тапсырманы қолмен жазса, ол баланың есінде сақталады" дегенді алға тартқан кітапханашы мүмкіндігінше оқушылардың тілдік қоры артып, рухани азыққа қанықса деген тілегі барын жасырмады.

© Sputnik / Жансая ТәуекелқызыОқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Гүлнәр Өмірбек
Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Гүлнәр Өмірбек - Sputnik Қазақстан
Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Гүлнәр Өмірбек

"Өз тілімді білмесем де, қазақ тілі менің ана тілімдей болып кетті"

Аудандық кітапханада осындағы қызметкерлер секілді таңнан кешке дейін жүретін оқырмандар да бар көрінеді. Олар тек кітап оқып қана қоймай, түрлі іс-шараларға атсалысады. Солардың бірі – Жалал Мұратов. 16 жастағы тәжік ұлтының азаматы кітапханаға жиі келуін қазақ әдебиетіне деген қызығушылығымен байланыстырды. Сондықтан да рухани азық орны өзін "магнит" секілді тартып тұрады екен.

Қазақстан парламентінің ғимараты - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Министр депутаттардың қазақша сұрағын түсіне алмай әбден састы

"Мен спортпен де айналысамын. Бос уақытымда осы кітапханаға жиі келемін. Аптаның төрт күнінде осындамын. Мұндағы қызметкерлер менің туысым секілді боп кеткен. Қазір жазғы демалыс кезінде үнемі осында жүрдім. Үш ай бойы. "Неге бұл демалыста еш жерде қыдырмаған?" деп ойлап отырған шығарсыз. Бірақ, көңіл көтеріп, уақытты текке өткізгенше, рухани тұрғыда өзімді неге дамытпасқа? Мен тәжік ұлтының азаматымын. Өз тілімді білмесем де, қазақ тілі мен салт-дәстүрін жетік білемін. Тіпті ана тілімдей боп кетті. Жарық дүние есігін ашқанымнан бері осы елде тұрып жатырмын. Қай елде тұрсаң, сол елдің тілін білу — әрбір азаматтың парызы деп санаймын", — деді жас оқырман.

Ол денсаулығы сыр беріп, спорттан қол үзген бір жыл ішінде өзі де өлең жазып, поэзияға қадам басқанын айтты. Ал қазір кәсіби тұрғыда өзін дамыту үстінде. Спортты да қатар алып жүр. Болашақта спорттан бөлек қазақ әдебиетінде өз орны бар, елге қызмет ететін азамат болғанын қалайды.

© Sputnik / Жансая Тәуекелқызы16 жастағы Жалал Мұратов жазғы демалысын кітапханаға өткізген
16 жастағы Жалал Мұратов жазғы демалысын кітапханаға өткізген - Sputnik Қазақстан
16 жастағы Жалал Мұратов жазғы демалысын кітапханаға өткізген

Әңгіме барысында кітапқұмар оқушы оның бұл қызығушылығын ата-анасы да құптап отырғанын жеткізді.

"Менің әкем шекарада қызмет етуді армандап өскен екен. Бірақ, адамның қалауы емес, Алланың дегені болады деген бар емес пе? Әкем қазір бабалардан берілген қасиетті жалғап, дін жолында. Анам да жағдайдың жоқтығынан жоғары білім ала алмаған. Ал қазір маған "Кезінде біз оқи алмадық. Сен біліміңді жетілдір. Осы елге пайдаңды тигіз. Бұл сенің туған жерің" деп үнемі ақылын айтып отырады", — деді жас оқырман.

78 жастағы зейнеткер — тұрақты оқырман

Кітапхана қызметкерімен сұхбаттасып отырып, оқырмандардың жас ерекшеліктері туралы да сұрап білдік. Таң қалдырғаны, мұнда келетін оқырманның ең жасы 2 жаста екен.

Жақып Асанов - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Жақып Асанов: кітап оқыңыздар да, адамша жауап беріңіздер

"Бізде балалар кітапханасы да бар ғой. Балабақшаға баратын балаларын ата-аналары ертіп әкеліп, олар әріп танымаса да суреттерін көрсетіп, ертегілерді оқып береді. Бұл, әрине, қуантарлық жайт. Қазір қоғамның санасы рухани азық алуға бұрылып келеді. Балаға тәй-тәй басқан кезінен кітап оқуды үйретсе, ертең өскенде оның жемісі болары сөзсіз" деген кітапханашы ең егде жастағы оқырман туралы да сөз қозғады.

Шолаққорған аудандық кітапхананың тұрақты оқырмандарының ең қартаңы 78 жастағы Ескермес Жақанов есімді ақсақал екен. Ауданда өздігінен жүріп тұра алатын қариялардың басым көпшілігі осы руxани мекенге бас сұқпай тұра алмайды. Ал денсаулығына байланысты келе алмайтындарға, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы қызметкерлер сұраныс бойынша кітапты жеткізіп беріп отырады.

Айтпақшы, Шолаққорған аудандық кітапxанасы биыл 4100 кітаппен толыққан. 62 мыңнан астам түрғыны бар ауданда оқырман саны 14360 адамға жеткен екен. Келушілер саны артып отырғанын мақтанышпен айтқан қызметкер Гүлнәр Өмірбек оқу залы келушілер үшін тарлық етіп жатқанын жасырмады. 

Жаңалықтар
0