АСТАНА, 27 тамыз — Sputnik. Музыка қойылып, ер мен әйел ортаға шығып билейтін тойлар арақсыз өтсе де толық халал болып есептелмейді. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстазы, дінтанушы Ерсін Әміре уағыздарының бірінде айтты.
"Той адал болу керек. Қазіргі таңда тойға қатысты қате түсінік қалыптасып келе жатыр. Халал делінген тойларда музыка қойып, ер мен әйел би билейтінін естіп жатамыз, тағы сол секілді шариғатқа қайшы әрекеттер жасалады. Бастысы арақ жоқ дейді. Ол тойды толық халал той деп айту қиын. "Полу халал" дейміз бе, үштен бірі халал дейміз бе… ол толық халал той болып есептелмейді", — дейді Ерсін Әміре.
Оның айтуынша, ер мен әйелдің араласып билеуі, музыканың болуы тойды толық халал етпейді.
"Толық халал той шариғаттың шеңберінде өтеді. Музыка түгелдей харам емес дейтін ғұламалардың өзі тойларда айтылатын әндерге рұқсат берген емес. Бұрын әндер дінді, адамның жақсы мінез-құлқын қалыптастыруды насихаттайтын. Ал енді еркек пен әйелдің арасындағы махаббатты жырлайтын әндердің ешқайсысы халал емес. Сонымен қатар, тойға биші қыз-жігіттерді алып келеді. Мұның барлығы шариғатқа қайшы", — деп түйіндеді ұстаз.