АСТАНА, 22 тамыз — Sputnik. Үкіметтің кезекті отырысында Қанат Бозымбаев егін жинау жұмыстарына жанар-жағармайды уақытылы жеткізуді қамтамасыз етуге қатысты есеп берді. Энергетика министрінің айтуынша, жалпы Қазақстан бойынша 20 тамыздағы жағдайға сәйкес дизель отынының көлемі 260 мың тоннадан асады. Кестеге сәйкес ауыл шаруашылығы жұмыстарына оның 110,5 мың тоннасы жұмсалады, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.
"20 тамыздағы есеп бойынша 44 мың тонна жанар-жағармай жіберілді. Бұл жоспарланған көлемнің 40 процентін құрайды. Зауыттарда дизель отынына қатысты ешқандай проблема жоқ. 20 тамызда Павлодар мұнай өңдеу зауыты жөндеуден кейін пайдалануға берілді. Зауыт тәулігіне 4-5 мың тонна отын шығаратын болады", — деді Бозымбаев.
Әрі қарай мәселені қарау қорытындысы бойынша премьер-министр Бақытжан Сағынтаев еліміздің оңтүстік, батыс және шығыс өңірлерінде егін жинау жұмыстары басталғанын айтты. Сондай-ақ, солтүстік өңірлерге астық жинауға жауын-шашын кедергі келтіруі мүмкін екенін айтып өтті. Себебі, дәнді дақылдардың жоғарғы ылғалдылығы байқалуда.
Теңге бағамының құбылуы дизель бағасына қалай әсер етті?
"Ауа райының ерекшеліктерін ескере отырып егін жинау жұмыстарын аяқтауға аз уақыт қалды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, өңірлерде егін жинау жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілуі тиіс… Энергетика министрлігі егін жинау жұмыстарының аяқталуына дейін бекітілген кестеге сәйкес дизельдік отын жеткізудің тұрақтылығын қамтамасыз етуі керек", — деді Сағынтаев.
Сөзін қорыта келе премьер-министр бұл істі бақылау жұмыстарын өзінің бірінші орынбасары Асқар Маминге жүктеді.