АСТАНА, 21 тамыз— Sputnik. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқын Құрбан айт мерекесімен құттықтады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
"Құрметті отандастар! Баршаңызды қастерлі Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Құрбан айт – исламды жақсылықтың, жасампаздық пен үйлесімдіктің діні екенін паш етіп, күллі мұсылман қауымын бейбітшілік пен татулыққа, өзара түсіністікке шақыратын қасиетті мейрам. Сондай-ақ, ол – діни мереке ғана емес, барша адамзатты бір-біріне көмек қолын созуға үндеп, бауырмалдыққа баулитын үлкен рухани құндылық", — деді мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, бұл күндері адамдар жақындарына ақ тілектерін арнап, игі істер жасауға ұмтылады. Құрбан айт алуан түрлі конфессиялар мен этнос өкілдері тұратын Қазақстанда азаматтардың бойына ізгілік нәрін сеуіп, олардың ұстанатын діні мен ұлтына қарамастан, бір-бірін қадірлей білуге зор ықпал етеді. Сондай-ақ, рухани тұтастығымызды нығайтып, бірлігімізді бекіте түседі.
Тамыз айында қазақстандықтар он күн демалады
"Осынау жарқын мерекеде әрбір шаңыраққа бақыт, бейбіт өмір мен береке-бірлік тілеймін! Қасиетті мейрамда шалған құрбандықтарыңыз бен ізгі ниеттеріңіз сауаптан жазылсын! Айт қабыл болсын!", — деп түйіндеген Елбасы.