Ораза айттан кейін 70 күн өткен соң Құрбан айт мерекесі басталады. Биыл мейрам 11-13 тамыз күндеріне түсіп тұр.
Мереке кезінде мұсылмандар Жаратушыға арнап құрбандық шалады. Бұл — мұсылмандардың негізгі міндеттерінің бірі.
2005 жылы 28 желтоқсанда мәжілістің жалпы отырысында депутаттар "Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы" Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын қабылдап, Құрбан айт пен Рождество мерекесінің бірінші күні елімізде демалыс күндері болып жарияланды.
Осы орайда, тарихи құжаттарға сүйенсек, 1926 жылға дейін Наурыз 1 күн, Ораза айт 3 күн, Құрбан айт 3 күн ресми мереке ретінде аталып келген.
Құрбан сөзі араб тілінде "жақындау" деген мағынаны білдіреді. Яғни мұсылман қауым сауап істері арқылы жүректерін тазартып, Аллаға жақындай түседі. Ал шариғатта мұны "шарттарға сай құлшылық ниетімен мал бауыздау" деп түсіндіреді.
Тағы оқыңыз: Бас мүфти Құрбан айт мерекесімен құттықтады
Үш күнге созылатын құрбан айт күндері шалынатын мал "ұдһия" деп аталады. Аталған мереке кезінде қажылық өтеушілер қағбаға жүзін қаратып, Арафатта жалбарынып дұға оқиды. Осылайша олар бір-бірін дінге беріктік танытуға шақырады.
Құрбан шалу — Алла Тағаланың арнайы айтқан әмірі, Ибраһим (а.с) пайғамбарымыздан жалғасын тауып келе жатқан сүннет. Ибраһим пайғамбар (с.ғ.с.) Алла Тағалаға берген уәдесінде тұру үшін бауыр еті баласын Ұлы Жаратушының жолында құрбан ете алатындығын көрсетіп, ауыр сыннан өткелі құрбан шалу да мұсылман үшін дәстүрге айналды.
Адамзат осылайша Ұлы Жаратушысының өзіне берген сансыз нығметтеріне шүкірлік етіп, күнәлары үшін кешірім сұрайды.
Мұхитдин Исаұлы мен Қайрат Жолдыбайдың "Ислам ғылымхалы" кітабында "Құрбандыққа қандай малдар шалуға болады" деген сұраққа "Тек қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек.
Алты-жеті айлық кепе қозы бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалған абзал. Елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды" деп жауап жазылған.
Құрбандық шалу мұсылман, ақылды әрі балиғат жасына толған, Құрбан айт кезінде жолаушы емес және қажеттен тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие жандарға міндеттеледі.
Тағы оқыңыз: Елордада құрбандық шалатын жерлер белгілі болды
Барша мұсылман қауымға Құрбан айт мерекесі құтты болсын, тілек-ниеттеріңіз қабыл болсын дейміз!